Бүгінгі таңда қалалық ортаны қалыптастыруға деген көзқарас тек қала әкімшілігінің ғана емес, сонымен бірге жұртшылықтың ерекше назарында.
2022 жылдың 8 маусымында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының әкімшілік орталығын Талдықорған қаласынан Қонаев қаласына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Осыған байланысты қала дамудың жаңа кезеңіне қадам басты.
2023 жылдың 13 сәуірінде Алматы Менеджмент университетінің қабырғасында «QONAEV-JANA QALA. Қаланы қалай креативті және қолжетімді етуге болады?» атты қоғамдық талқылау өтті.
Оған Қонаев қаласы және Алматы облысы әкімшілігінің қызметкерлері, креативті индустрия сарапшылары, Қонаев қаласының кәсіпкерлері мен тұрғындары, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен ЮНЕСКО өкілдері қатысты.
«Біз күнделікті өзгеріс пен сол өзгеріске жылдам ілесуді қажет ететін жаңа заманда өмір сүріп жатырмыз. Сапалы нәтиже мен жетістікке жетелейтін жаңа идеялар тек ынтымақтастық орнатып, ашық талқылау жүргізу арқасында іске асады. Біз Қонаев қаласы студенттер қаласына, яғни университеттер біріккен қалаға айналатынына сенімдіміз. Бұл да қаланың дамуына серпін беретін үлкен бағыт, жаңа вектор. Біз бұл жобаға белсенді түрде қатысамыз. Менің тағы бір арманым – Қонаев қаласында марафон өткізу. Дәл осындай оқиғалар қызығушылықты арттырып, қалаға келушілердің қатарын көбейтеді», – деді AlmaU ректоры Гүлнар Күренкеева.
Іс-шарада қатысушылар тәжірибе алмасып, Қонаев қаласын дамытудағы өз идеяларын бөлісті.
AlmaU-дың «Урбанистика – сити менеджмент» студенттері Қонаев қаласында жасалған зерттеу жұмыстарының нәтижесін таныстырды.
Уоркшопта айтылған ұсыныстар мен мәселелер бойынша арнайы талдау жұмысы жасалып, Қонаев қаласын дамыту бойынша ұсыныс қала әкімшілігіне табысталады.
AlmaU – еліміздің әлеуметтік және қоғамдық өміріне белсенді араласатын, ғылыми-зерттеу, оқу-әдістемелік жұмыстар мен жобалар арқылы қоғамның дамуына жүйелі түрде үлес қосуға дайын оқу орны.