Алматы Менеджмент университеті ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым Академиясымен бірлесе отырып 2023 жылдың 13 желтоқсанында «Қоғамдық сенім және әлеуметтік капитал» IV Халықаралық конференциясын өткізбек.
Қоғамдық сенім тақырыбын, әсіресе, қоғамды шоғырландыруды мақсат тұтқан «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы аясында талқылау өзекті. Қоғамдық диалогтың бірыңғай институционалдық моделін қалыптастыру үшін президент саяси және институционалдық реформаларға, сайлау процесін жаңғыртуға және Ұлттық құрылтай құруға бастамашы болды. Бұл реформалардың негізгі міндеттерінің бірі –қоғамдағы сенімді арттыру және әлеуметтік капиталды қалыптастыру.
Конференцияның негізгі спикерлері Стэнфорд университетінің профессоры Фрэнсис Фукуяма, сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек болмақ.
Конференцияның мақсаты – мемлекеттік институттар мен азаматтық қоғам арасында сындарлы диалог құруға және қазіргі уақытта қоғамды біріктіру процесін тежейтін мәселелерді талқылауға ықпал ету.
Конференция аясында келесі тақырыптар талқыланады:
– Қоғамдық сенімнің экономиканың дамуына және әлеуметтік салаға әсері;
– Тұрақты дамудағы әлеуметтік капиталдың орны;
– Қоғамдық сенімді өлшеу және басқару;
– Ақпараттық технологиялардың қоғамдық сенімге әсері;
– Азаматтық жауапкершілік және қоғамдағы сенімді қалыптастыруға қатысу;
– Мемлекет пен қоғамдық институттардың сенімді нығайтудағы рөлі.