Times Higher Education Impact Ranking 2024 халықаралық рейтингінің нәтижелері жарияланды. Аталмыш рейтинг 2023 жылдың қорытындысы бойынша 17 тұрақты даму мақсатына сәйкес жоғары оқу орындарының әсерін өлшейді. Жаһандық әсер ету рейтингінің алтыншы басылымы университеттердің адамзаттың өзекті мәселелерін шешуге қалай көмектесетінін көрсетеді: бұл кедейлікті жою, денсаулық пен әл-ауқатты жақсарту, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және климаттық дағдарысқа қарсы шаралар ұйымдастыру.
AlmaU 2019 жылдан бері Times Higher Education Impact Rankings рейтингіне қатысып келеді. Содан бері қазақстандық жоғары оқу орындары арасындағы әлеуметтік жауапкершілік бойынша көшбасшылық рөлін сақтап қана қоймай дамытумен, жетілдірумен айналысады. Университет әлеуметтік бағдарламаларды белсенді дамытып, студенттерді қоғамдық бастамаларға қатысуға ынталандырады. Сонымен қатар тұрақтылық саласы бойынша зерттеулер жүргізіп, инновациялық қызметті назардан тыс қалдырмайды.
Алматы Менеджмент Университеті ҚазҰУ және Қарағанды медицина университетімен бірге көшбасшылар үштігіне кірді. 3 тұрақты даму мақсаты бойынша AlmaU алда:
* 8 тұрақты даму мақсаты (лайықты жұмыс және экономикалық өсу)
Сауалнама нәтижелері бойынша AlmaU қызметкерлерінің 67%-ы еңбек жағдайына риза және 65%-ы университет ішіндегі қарым-қатынастарға көңілдері толатынын мәлімдеген.
* 14 тұрақты даму мақсаты (теңіз экожүйелерін сақтау)
2019 жылдан бастап AlmaU «Uly Balqash Shaqyrady!» жобасын іске асырып келеді. Бірінші мұз өткеліне 50 адам қатысқан болса, 2020 жылы олардың саны 100-ге жеткен. Ал III мұз өткеліне қатысушылар саны 120 адамды құрады. Осылайша университет теңіз экожүйелерін сақтау мәселесіне жұртшылықтың назарын жыл сайын аударып отыр. 2024 жылы ел тарихында алғаш рет университет еріктілердің басын қосып, Аралдың түбіне 5100 сексеуіл көшетін отырғызды.
*16 тұрақты даму мақсаты (бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар)
Төртінші жыл қатарынан AlmaU «Қоғамдық сенім және әлеуметтік капитал» атты халықаралық конференциясы өткізеді. Нәтижесінде Edelman Trust Barometer әдіснамасы бойынша Қазақстандағы қоғамдық сенім деңгейін анықтады. AlmaU Trust Barometer зерттеу жұмысына 1150 адам қатысты.
Бір айта кетерлігі, мына 4 тұрақты даму мақсаты бойынша AlmaU-дың ұпайы жоғары:
* 16 тұрақты даму мақсаты (бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар)
* 5 тұрақты даму мақсаты (гендерлік теңдік)
* 8 тұрақты даму мақсаты (лайықты жұмыс және экономикалық өсу)
* 17 тұрақты даму мақсаты (тұрақты даму мүддесі үшін серіктестік)
Times Higher Education Impact Ranking 2024 рейтингіне әлемнің 125 елінен 2152 университет қатысып рекорд орнатты. Биыл рейтингке қатысқан қазақстандық университеттердің саны – 26. 2019 жылы тек AlmaU және ЕҰУ ғана қатысқанын тілге тиек етейік.