
18 қарашада AlmaU-да «Иллюзиядағы бақыт. Адамға шындықты білу қажет пе?» тақырыбында философиялық кеш өтті. Кешке AlmaU және Тұран университетінің студенттері, сондай-ақ шақырылған қонақтар: Қайрат Жанабаев, Капышев Ақрамқан, Серғазы Құдайбергенов, Шолпан Айдаралиевна Ибжарова, Алден Нұрақынов және Қамза Әсел Кәкенқызы қатысты.
Философиялық кешті «Ұлы Дала Академиясы» ғылыми орталығы мен AlmaU-дың «Жолшы» философиялық қауымдастығы ұйымдастырды.
Кешті «Жолшы» философиялық қауымдастығының төрайымы Испергенова Аружан және қауымдастық мүшесі Таңшолпан Игдирбай жүргізді. Олар бірнеше философиялық тақырыпты ұсынып, қатысушыларды шындықтың, сананың және бақыттың табиғаты туралы ойлануға шақырды.

Кездесудің негізгі мақсаты – адамның шынайылықты қабылдауын, сана мен түс арасындағы байланысты, сондай-ақ адамның өзі өмір сүріп жатқан әлемге деген көзқарасын зерттеу. Түрлі мысалдар арқылы қатысушылар шындық туралы түсініктің қаншалықты субъективті болуы мүмкін екенін қарастырып, философиялық ойлануға жетелейтін сұрақтарды талқылады.
Бірінші бөлім. Чжуан-цзының көбелек туралы түсі
Бірінші бөлімде Чжуан-цзының көбелек туралы әйгілі философиялық тәмсілі қарастырылды. Түсінде философ өзін көбелек ретінде сезінеді, ал оянғаннан кейін өзінің адам екенін түсінеді. Бұл мысал түс пен шынайылықтың арасындағы шекараны, сондай-ақ ақиқат пен иллюзияны ажырату мәселесін талқылауға негіз болды.
Талқылаудан кейін аудиторияға мынадай сұрақ қойылды: «Біз өмір сүріп жатқан әлемнің шынайы екеніне қандай дәлелдер бар?»

Екінші бөлім. Наркоз және сана мәселесі
Екінші бөлімде жалпы наркоз мысалы арқылы адамның сана күйі қарастырылды. Операция кезінде адам сыртқы ортаға жауап бермейді, бұл сана табиғатына қатысты күрделі ғылыми сұрақтар туындатады. Қатысушылар наркоз әсерінен сананың, қабылдаудың және адамның өзін сезінуінің қалай өзгеретінін талқылады.
Бұл мысал сана күйі мен адамның сыртқы әрекеттері әрдайым бір-біріне сәйкес келе бермейтінін түсінуге мүмкіндік берді.

Үшінші бөлім. «Труман шоуы» және «Матрица» фильмдері
Үшінші бөлім «Труман шоуы» және «Матрица» фильмдері арқылы адамның шынайылықты қабылдау мәселесіне арналды. Фильм кейіпкерлері өздері үйренген әлемге күмән келтіріп, өмір сүріп жатқан ортасының жасанды болуы немесе шындықтың өздері ойлағандай болмауы мүмкін екенін түсіне бастайды.
Осы фильмдер негізінде қатысушылар шынайылықты қабылдау, адам еркіндігі және иллюзия әлемінде өмір сүру мүмкіндігі туралы ой қозғады.
Талқылау барысында аудиторияға мынадай сұрақтар ұсынылды:
- Егер біз өмір сүріп жатқан әлемнің жасанды екенін білсек, оны өзгертуге тырысар ма едік?
- Адам шындықты білмей-ақ бақытты өмір сүре ала ма?
- Ақиқатты білу маңызды ма, әлде жайлы иллюзияда өмір сүрген дұрыс па?

Төртінші бөлім. Қорытынды және аудиториямен пікір алмасу
Кештің қорытынды бөлімінде алдыңғы бөлімдерде қарастырылған мысалдар мен сұрақтар біріктірілді. Қатысушылар шынайылықты қабылдау, сана, түс және иллюзия тақырыптарын қамти отырып, ортақ ой түйді.
Кездесу соңында Иммануил Канттың мынадай сөзі айтылды:
«Имей мужество пользоваться собственным умом!»
«Өз ақылыңды пайдалануға батылың жетсін!»
Бәлкім, шынайы бақыттың мәні – бәрін білу емес, неге сенетініңді және қалай өмір сүретініңді өз бетіңше таңдай білу.
Ашық пікір алмасу барысында қатысушылар көтерілген сұрақтар бойынша өз ойлары мен көзқарастарын ортаға салды. Талқылау нәтижесінде аудитория шынайылық пен бақыттың өзара байланысына назар аударды. Адам үшін шындықты білу ғана емес, өзін бақытты сезіну де маңызды екені байқалды.
Философиялық кеш қатысушыларды өз сенімдеріне, өмірге деген көзқарастарына және шындықты қабылдау ерекшеліктеріне сыни тұрғыдан қарауға жетеледі.