
2026 жылғы 24-25 қарашада AlmaU университетінде Психология апталығы аясында «Психология ғылымы мен тәжірибесін дамытудың заманауи үрдістері» тақырыбында халықаралық конференция өтуде. Іс-шараны AlmaU-дың Sharmanov School of Health Sciences мектебі ұйымдастырды.
Конференция академиялық және кәсіби психология қауымдастығының өкілдерін, практик мамандарды, ғалымдарды, оқытушылар мен студенттерді біріктірді. Қатысушылар психология ғылымының өзекті бағыттарын, кәсіби тәжірибедегі заманауи тәсілдерді және психологиялық білім берудің трансформациясын талқылады.
Конференцияның ашылуында AlmaU ректоры Тимур Булдыбаев құттықтау сөз сөйлеп, қазіргі қоғамдық өзгерістер жағдайында психология ғылымының маңыздылығын, кәсіби білім беруді дамыту мен білікті мамандар даярлаудың өзектілігін атап өтті.
«AlmaU үшін психологияны білім беру және ғылыми бағыт ретінде дамыту стратегиялық маңызға ие. Tolyq Adam философиясының негізінде кәсіби тұрғыдан табысты, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары әрі эмоционалдық тұрғыдан кемел тұлғаны қалыптастыру идеясы жатыр. Бүгінде университет тек білім беретін орын ғана емес, сонымен қатар адами қарым-қатынастар қалыптасатын, құндылықтар дамып, тұлғалық әлеует ашылатын кеңістік болуы керек», – деді ректор.

Пленарлық отырыс аясында академиялық орта өкілдері мен практик мамандар психология саласындағы зерттеулері мен кәсіби тәжірибелерін ортаға салды.
Мухан Перленбетов, профессор, «Қазақстан психологиялық қоғамы» РҚБ президенті, «Психологиялық қызметті дамытудың заманауи үрдістері» тақырыбында баяндама жасап, психология саласындағы өзекті даму бағыттары мен мамандардың кәсіби қызметіндегі өзгерістерге тоқталды.
«Қазіргі психология жаңа технологиялық және әлеуметтік сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Жасанды интеллект пен цифрландыру кәсіби ортаны өзгертіп, мамандардың құзыретіне қойылатын талаптарды арттыруда. Мұндай жағдайда ғылыми дәлелдерге негізделген тәсіл, сапалы бейінді білім, этикалық нормаларды сақтау және үздіксіз кәсіби даму ерекше маңызға ие. Қазақстанның психологиялық қауымдастығы алдында кәсіби стандарттарды нығайту және психологиялық көмектің сапасын арттыру міндеті тұр», – деп атап өтті профессор.

Психологиялық білім мен кәсіби тәжірибенің өзара байланысы туралы Ане Тынышбаева, Sharmanov School of Health Sciences профессоры сөз қозғады. «Психологиялық білімнен кәсіби тәжірибеге дейін: APA халықаралық бағдарлары және Қазақстан психологының жаңа кәсіби стандарты» тақырыбындағы баяндамасында ол психологтарды даярлаудың халықаралық тәсілдері мен Қазақстандағы кәсіби стандарттарды қалыптастыру мәселелеріне тоқталды.
«Біз білім беру бағдарламаларының мазмұнын қайта қарастырып, психометриялық және зерттеу даярлығын күшейтуіміз, супервизия жүйесін дамытуымыз және кәсіби этикаға ерекше назар аударуымыз қажет. Психолог тәжірибелік құралдарды меңгеріп қана қоймай, оларды қолданудың ғылыми негіздерін, өз құзыретінің шекарасын және көмек көрсететін адам алдындағы жауапкершілігін түсінуі тиіс. Қазіргі психологтардың кәсіби мәдениетін қалыптастыруда университеттер белсенді рөл атқаруы керек», – деп атап өтті спикер.
Жанар Даненова, психология магистрі, жоғары санатты дәрігер-психиатр, «Психика механизмдеріне әмбебап көзқарас. Заман талаптарына жауап және «Генезис» экспресс-психотерапиясының клиникалық тиімділігі» тақырыбында баяндама жасады. Оның баяндамасы психика механизмдерін түсінудің заманауи тәсілдері мен экспресс-психотерапияны кәсіби тәжірибеде қолдану мүмкіндіктеріне арналды.
«Практикалық психология ғылыми зерттеулерге, кәсіби құзыреттерге және нәтижелерді объективті бағалауға негізделуі тиіс. Жекелеген әдістерді меңгеру жеткіліксіз. Оларды қолдану механизмдерін түсіну, адамның жеке ерекшеліктерін ескеру және психологиялық көмек көрсетудің кәсіби стандарттарын сақтау маңызды», – деп түсіндірді Жанар Даненова.

Пленарлық отырыста сондай-ақ Абердин университетінің Психология мектебінің жетекшісі, PhD, профессор Мартин Дуглас сөз сөйледі. Ол «Мәдени эволюция, гендерлік стереотиптер және генеративті жасанды интеллекттің ықпалы» (Cultural Evolution, Gender Stereotypes, and the Influence of Generative AI) тақырыбындағы баяндамасында гендерлік стереотиптердің қоғамда таралуы мен қалыптасуын, сондай-ақ генеративті жасанды интеллекттің осы үдеріске ықпалын қарастырды.
«Гендерлік стереотиптер өздігінен пайда болмайды. Олар адамдар арасында таралып, біртіндеп қоғамда орнығады. Бүгінде бұл үдеріске жасанды интеллект те қосылды: ол біздің түсініктеріміз бен біржақты көзқарастарымызды қабылдап, кейін оларды адамдармен қарым-қатынаста қайта жаңғыртуы мүмкін. Сондықтан технологиялардың бір-бірімізді қабылдауымызға қалай әсер ететінін және болашақ ұрпаққа қандай әлеуметтік ұстанымдарды байқамай жеткізіп жатқанымызды түсіну маңызды», – деді профессор.

Сонымен қатар «РиК логопедтер мен дефектологтар қауымдастығы» ЖШС басшысы Алина Мустафаева «Физикалық тұрғыдан бірге, эмоционалдық тұрғыдан алшақ»: смартфон бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынастың үшінші қатысушысы тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде орталық жүргізген зерттеу нәтижелерін ұсынып, цифрлық ортаның балалардың дамуына әсеріне назар аударды. Сондай-ақ отбасындағы тікелей қарым-қатынас пен эмоционалдық байланыстың маңыздылығын атап өтті.
«Баланың эмоционалдық дамуы көп жағдайда ересектердің онымен қаншалықты мұқият әрі сезімтал қарым-қатынас орнатуына байланысты. Баланы асықтырмай, эмоцияларын сезініп, түсінуіне уақыт беру, онымен сөйлесу, бірге ойнап, кітап оқу маңызды. Бірге кітап оқу сияқты қарапайым отбасылық әдеттердің өзі ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтады. Сондықтан ата-аналарды телефондарын жиірек шетке қойып, балаларына ең құнды нәрсе – уақыт пен көңіл бөлуді шақырамын», – деді Алина Мустафаева.
25 қарашада Психология апталығының бағдарламасы «Психоэкспресс» іс-шарасымен жалғасты. Іс-шара когнитивті-мінез-құлық терапиясы (КМТ) және гештальт-терапия бағыттарында жұмыс істейтін практик психологтардың қатысуымен жеке экспресс-консультациялар форматында өтті. Қатысушылар кәсіби психологиялық қолдау алып, психотерапияның түрлі тәсілдерімен танысуға мүмкіндік алды.

Сондай-ақ жоғары оқу орындары арасындағы студенттік «Блиц-сауалнама» байқауы, «Психология ғылымы мен практикасын дамытудың заманауи үрдістері» тақырыбындағы эссе байқауы және «Психикалық денсаулықтың заманауи шындығы» атты әлеуметтік бейнероликтер байқауы өтті. Байқауларға AlmaU, «Тұран» университеті, Caspian University, Q University және Абай атындағы ҚазҰПУ студенттері қатысты.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды:
«Блиц-сауалнама» байқауы:
- I орын — Caspian University;
- II орын — Q University;
- III орын — AlmaU.
«Психология ғылымы мен практикасын дамытудың заманауи үрдістері» тақырыбындағы эссе байқауы:
- I орын — «Тұран» университеті;
- II орын — Q University;
- III орын — AlmaU.
«Психикалық денсаулықтың заманауи шындығы» атты әлеуметтік бейнероликтер байқауы:
- I орын — AlmaU;
- II орын — Caspian University;
- III орын — Абай атындағы ҚазҰПУ.
Байқау бағдарламасы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді салтанатты марапаттау рәсімімен аяқталды.

Конференция ғылым, білім беру және практикалық психология өкілдері арасындағы кәсіби диалог алаңына айналды. Өзекті мәселелерді талқылау және халықаралық тәжірибе алмасу кәсіби қауымдастықтың дамуына, сондай-ақ психология ғылымы мен тәжірибесінің алдында тұрған міндеттерді шешудің заманауи тәсілдерін іздеуге ықпал етеді.