
2026 жылдың 12 мамыр күні AlmaU университетінде Michigan State University делегациясымен кездесу өтті. Делегация құрамында халықаралық зерттеулер жөніндегі декан орынбасары әрі білім беру саясатының профессоры Amita Chudgar және Visiting International Professional Program бағдарламасының директоры Xinyu Wu болды.

Кездесуге AlmaU ректоры Тимур Булдыбаев, академиялық даму жөніндегі проректор Әсел Арын, жаһандық серіктестік жөніндегі проректор Шолпан Тазабек, ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректор Рената Құдайбергенова, Білім беру институтының директоры Даяна Балғабекова және Көшбасшылық институтының директоры Айгерім Елібаева қатысты.

Кездесу барысында AlmaU өкілдері университеттің тарихы мен жетістіктерін, халықаралық қызметін, білім беру бағдарламалары мен негізгі даму бағыттарын таныстырды. Тараптар академиялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, халықаралық серіктестікті кеңейту және білім беру мен ғылым саласындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Халықаралық «Болашақ» стипендиялық бағдарламасы аясындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Michigan State University өкілдері аталған университетте 80-нен астам қазақстандық «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары білім алғанын атап өтті. Келіссөздер барысында тараптар болашақ стипендиаттарға арналған перспективалы білім беру бағыттарын, сондай-ақ Білім беру институтымен ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар серіктестікті нығайтуға және бірлескен білім беру мен зерттеу жобаларын кеңейтуге қызығушылық танытты.