AlmaU Малайзияға жасаған жұмыс сапары аясында 2026 жылдың 14 қаңтарында университет өкілдері – AlmaU президенті Асылбек Қожахметов пен Халықаралық ынтымақтастық басқармасы директорының орынбасары Ақбөпе Аусадык – AlmaU-дың серіктес жоғары оқу орны Xiamen University Malaysia университетіне барды.
Сапар барысында AlmaU делегациясы үшін таныстыру кампус-тур ұйымдастырылып, университеттің инфрақұрылымымен, оқу және зерттеу кеңістіктерімен, сондай-ақ академиялық және студенттік ортамен танысты.
Xiamen University Malaysia университетінің вице-президенті профессор доктор Zhang Ying, экономика және менеджмент мектебінің деканы профессор доктор Chen Yan және Халықаралық өзара іс-қимыл және серіктестіктер басқармасының өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар AlmaU мен Xiamen University Malaysia арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Әсіресе студенттерге арналған бірлескен жазғы мектептерді іске асыру мүмкіндіктеріне, сондай-ақ студенттердің халықаралық білім алу тәжірибесін кеңейтуге бағытталған академиялық өзара іс-қимылдың өзге форматтарына ерекше назар аударылды.

Сапардың маңызды бөлігі Xiamen University Malaysia университетінде білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесу болды. Студенттер өздерінің оқу тәжірибелерімен бөлісіп, кампустағы өмір мен көпмәдениетті білім беру ортасы туралы айтып, екі университет арасындағы академиялық және студенттік бастамаларды дамытуға қатысты ұсыныстарын білдірді.
Бұл сапар AlmaU мен Xiamen University Malaysia университеттерінің серіктестікті нығайтуға және халықаралық форматтағы бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыруға өзара мүдделі екенін көрсетті.
Xiamen University Malaysia – Қытайдың жетекші университеттерінің бірі болып саналатын Xiamen University университетінің алғашқы шетелдік кампусы. Университет ағылшын тілінде білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып, әртүрлі елдерден келген студенттер мен оқытушыларды біріктіре отырып, халықаралық академиялық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытып келеді.