
Менеджмент мектебінің Research professor-ы, PhD дәрежесінің иегері Ақнұр Жидебекқызы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы тағайындаған академик Нәйлә Базанова атындағы арнайы марапаттың лауреаты атанды. Салтанатты марапаттау рәсімі 6 наурыз күні Алматы қаласындағы Ғылым ордасында Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өтті.
Академик Нәйлә Базанова атындағы марапат Қазақстанның ғалым әйелдеріне алғаш рет табысталды. Бұл марапат отандық ғылымның дамуына қосқан үлесін мойындауға, ғылыми бастамаларды қолдауға және еліміздегі зерттеуші әйелдердің жетістіктерін кеңінен насихаттауға бағытталған.
Салтанатты рәсімге жетекші ғалым әйелдер, ғылыми қызметкерлер, оқытушылар, сондай-ақ ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының басшылары қатысты. Қатысушыларды Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев құттықтап, ғылым мен білім саласының дамуына әйелдердің қосып отырған маңызды үлесін атап өтті.

Нәйлә Базанова атындағы марапаттың тағайындалуы Қазақстан ғылымының дамуына үлес қосып жүрген әйел ғалымдардың еңбегін мойындаудағы маңызды қадам болды. Бұл сыйлық зерттеуші әйелдерді қолдауға, жас ғалымдарды шабыттандыруға және ғылыми қауымдастықтағы әйелдердің рөлін нығайтуға бағытталған.
Ақнұр Жидебекқызын жоғары марапатымен шын жүректен құттықтаймыз және алдағы ғылыми қызметіне табыс, жаңа зерттеулер мен кәсіби жетістіктер тілейміз!