2026 жылдың 7 тамызында Алматы қаласыныің бас Ботаникалық саябағында «Болашақтың бастауы» ағартушылық бастамасы аясында AlmaU Тұрақты даму орталығының директоры, PhD Жания Хайбуллинаның дәрісі өтті. Дәріс заманауи су қауіпсіздігі мәселелері мен су ресурстарын ұтымды пайдалану тақырыбына арналды. Баяндама «Неліктен әрбір тамшы маңызды?» атты презентация негізінде құрылып, климаттың өзгеруі, тұрақты даму, экономика және әр адамның күнделікті шешімдері арасындағы өзара байланысты ашып көрсетті.
Дәріс барысында су бүгінде тек табиғи ресурс қана емес, сонымен қатар ұлттық, экономикалық және өңірлік қауіпсіздіктің маңызды факторы екені атап өтілді. Орталық Азия елдері үшін климаттың өзгеруі, халық санының өсуі және трансшекаралық су ресурстарына жоғары тәуелділік жағдайында сумен қамтамасыз ету мәселесі ерекше өзектілікке ие.
Қазақстандағы жағдайға ерекше назар аударылды. Қазақстан өңірдегі су ресурстарына тәуелділігі жоғары мемлекеттердің қатарына жатады. Елдегі жерүсті ағынының шамамен жартысы оның аумағынан тыс жерде қалыптасады, ал негізгі су көздерін Қырғызстан мен Тәжікстан аумағынан бастау алатын трансшекаралық өзендер құрайды. Бұл жағдай халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды және су ресурстарын басқарудың заманауи тәсілдерін енгізуді талап етеді.
Дәрістің негізгі тақырыптарының бірі — ХХ–ХХІ ғасырлардағы ең ірі экологиялық дағдарыстардың бірі саналатын Арал теңізінің мысалы болды. Спутниктік деректер мен статистикалық материалдар негізінде су ресурстарын тиімсіз басқарудың Арал теңізінің аумағын 80%-дан астам қысқартуға, экологиялық жағдайдың нашарлауына және Арал маңы халқы үшін ауқымды әлеуметтік-экономикалық салдарға алып келгені көрсетілді. Сонымен қатар, Көкарал бөгетін салу тәжірибесі сауатты инженерлік шешімдердің табиғи экожүйелерді қалпына келтіруге ғана емес, халықтың жұмыспен қамтылуына, өңір экономикасына және өмір сүру сапасына оң әсер ете алатынын көрсетті.
Баяндаманың жеке бөлімі су ізінің (water footprint) тұжырымдамасына арналды. Бұл — тауарлар мен қызметтерді өндіру барысында пайдаланылатын судың толық көлемін бағалауға мүмкіндік беретін заманауи құрал. Қатысушылар «жасыл», «көк» және «сұр» су ізінің ұғымдарымен, сондай-ақ ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өнімдерімен бірге елдер арасында тасымалданатын виртуалды су тұжырымдамасымен танысты. Орталық Азия импорттайтын виртуалды суға қарағанда экспорттайтын виртуалды судың көлемі айтарлықтай жоғары екені атап өтілді. Ал көк судың негізгі тұтынушыларының қатарында суармалы егіншілік пен мақта өндірісі бар.
Дәріс соңында жеке су ізін азайтуға бағытталған практикалық ұсыныстар берілді. Олардың қатарында жауапты тұтыну, киімнің пайдалану мерзімін ұзарту, тамақ қалдықтарын азайту, жергілікті және маусымдық өнімдерді таңдау, тұрмыста суды үнемді пайдалану және су үнемдеу технологияларын енгізетін өндірушілерді қолдау бар.
Спикер су ресурстарын тұрақты басқару әр адамның саналы шешімдерінен басталатынын атап өтті. Суды сақтау — мемлекет, бизнес, ғылым және қоғамның ортақ міндеті.
Дәріс аудиторияның үлкен қызығушылығын тудырып, су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи тәсілдерін, суды жауапты пайдалану мәдениетін қалыптастыруды және су ресурстарын ұтымды пайдалануға бағытталған БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.

