
28 тамызда AlmaU-да «Университет – сенім ортасы: өзара іс-қимыл, қолдау және студенттерді тарту» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Іс-шара университеттік ортадағы қоғамдық сенім мен әлеуметтік капиталдың қалыптасу тетіктерін талқылауға, сондай-ақ зерттеу нәтижелерін жоғары білім беру саласының өкілдерімен бірге талдауға арналды.
Семинар ҚР БҒМ Ғылым комитетінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан Жас ғалымдар конкурсы аясындағы AP27510281 «Қазақстан жастары арасындағы қоғамдық сенім мен әлеуметтік капитал: университеттік ортада қалыптасу механизмдері (пәнаралық тәсіл)» жобасы шеңберінде ұйымдастырылды.

Іс-шараны саясаттану ғылымдарының кандидаты, AlmaU Халықаралық қатынастар институтының директоры Камран Гусейнов модератор ретінде ашты. Жобаның жетекшісі, AlmaU Research Professor, PhD Ажар Сериккалиева зерттеудің логикасы мен дизайнын таныстырды. Зерттеу барысында команда Қазақстанның ұлттық, жекеменшік және өңірлік жоғары оқу орындарында білім алатын студенттермен 9 эксперттік сұхбат және 11 фокус-топ өткізді.
Семинардың негізгі баяндамасын әлеуметтанушы, AlmaU аға оқытушысы Серик Бейсембаев жасады. «Университеттік ортадағы сенім мен өзара іс-қимыл» тақырыбындағы баяндамасында ол сараптамалық сұхбаттар мен студенттермен өткізілген фокус-топтардың нәтижелерін ұсынып, оларды жалпыұлттық жастар сауалнамасының деректерімен толықтырды.

Зерттеу нәтижелері білім беру институттарының 18-35 жас аралығындағы қазақстандықтар арасында сенім деңгейі бойынша алғашқы үштікте екенін көрсетті. Баяндама барысында жоғары оқу орындарының студенттермен қарым-қатынас орнатуының үш моделі – «әкімшілік», «қызмет көрсету» және «қауымдастық» – қарастырылды.
Семинар аясында зерттеу нәтижелері мен ұсыныстарды талқылауға AlmaU өкілдерімен қатар Қазақстанның басқа жоғары оқу орындарының әкімшілік қызметкерлері, оқытушылары және студенттік қызмет мамандары қатысты. Қатысушылар университеттік ортадағы сенімді нығайтуға бағытталған ұсыныстарды талқылап, оларды практикалық тұрғыда сынақтан өткізді.

Талқылау барысында университеттегі рәсімдердің ашықтығын арттыру, студенттердің өтініштері бойынша тәуелсіз апелляциялау тетіктерін енгізу және олардың университет өміріне нақты қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Семинар жобаның 2026 жылға жоспарланған міндеттерінің екінші кезеңі аясында өткізілді. Келесі кезеңде AlmaU Trust Lab білім беру науқанын іске қосу жоспарланып отыр.