
2026 жылғы 13 қарашада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы мен Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналған III Халықаралық жас ғалымдар конгресі аясында «Ғылыми нәтижеден нарыққа дейін: ғылыми әзірлемелерді коммерцияландырудың кедергілері мен тетіктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Алматы менеджмент университетінің (AlmaU) базасында ұйымдастырды.
Кездесудің басты мақсаты – ғалымдар, кәсіпкерлер мен сарапшылардың өзара ынтымақтастығын дамыту арқылы ғылыми идеяларды сұранысқа ие технологиялар мен бәсекеге қабілетті өнімдерге айналдырудың тиімді жолдарын айқындау.

Іс-шараның ашылуында Академияның вице-президенті Абай Серікқанов ғылым мен бизнес арасындағы байланысты нығайтудың және ғылыми зерттеулер нәтижелерін тәжірибеге енгізуге қолайлы жағдай жасаудың маңызын атап өтті.

Сонымен қатар AlmaU университетінің ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректоры Рената Құдайбергенова құттықтау сөз сөйледі.
Кездесу дәстүрлі дөңгелек үстел форматымен шектелмей, ашық әрі мазмұнды кәсіби пікірталасқа ұласты. Баяндамашылар нақты тәжірибеге негізделген қызықты жобаларды таныстырып, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу тәжірибесімен бөлісті және зертханалық зерттеулерді нарыққа шығаруда кездесетін кедергілерді ашық талқылады. Мазмұнды баяндамалар қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, белсенді пікір алмасуға және өзара ынтымақтастықтың нақты мүмкіндіктерін қарастыруға жол ашты.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру тетіктерін жетілдіруге және ғылым мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған ұсыныстар қамтылған қарар әзірленеді.
Кездесуге Ұлттық ғылым академиясының Білімді ілгерілету және тарату бөлімінің меңгерушісі Балжан Махатова модераторлық етті. Іс-шара соңында баяндамашыларға Ұлттық ғылым академиясының сертификаттары табысталды.

Дөңгелек үстел ғылым мен бизнес арасындағы ашық диалогтің маңызын айқын көрсетті. Мазмұнды баяндамалар нақты бастамаларға ұласып, бірлескен жұмыстың жаңа мүмкіндіктерін айқындады.