30 наурызда Алматыда алғаш рет Industry Advisory Board форумы өтті. Іс-шараның ұйымдастырушысы – AlmaU-дың Технологияларды коммерцияландыру орталығы.
Industry Advisory Board (Салалық консультативтік кеңес) – бизнес, салалық кәсіпорындар мен жетекші ғылыми университеттер арасындағы өзара байланысты ашық орнату үшін құрылған платформа.
200 адам ғылымды коммерцияландыру мәселесіне қызығушылық танытты. Форумның шымылдығын ҚР Ғылым және жоғары білім министрі м.а. Саясат Нұрбек ашты. Ол жиналғандарды Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің құрылғанымен қуантты. Сондай-ақ, президент бірнеше күн бұрын Ғылым Академиясына мемлекеттік мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қойғанын еске салды. Енді Ұлттық Ғылым академиясының Президентін Қ.Тоқаев қызметке тағайындайды.
«Университеттегі ғылымды дамыту – маңызды бағыт. Біздің университеттердің көпшілігі teaching university деңгейінде. Олардың ғылыми-зерттеу университеті форматына ауысуы өте маңызды. Бүгінгі таңда ғылымға бөлінетін қаржы 3,5 есе артты. Бізде 620 мың студент бар. Оның 90%-дан сәл астамы бакалавр, 7-8% магистр және 1%-дан азы PhD докторлары. Некен-саяғы ғылыми дәрежесін қорғап, жоғары білімге, ғылымға келеді. Жап-жас PhD докторлары қандай да бір позицияға ие бола алмайды. Әдетте олар сатылай өсуге мәжбүр. Олардың мотивациясы жоғалады. Гранттық өтінімдерге, ғылыми жобаларға қатысу үшін мақалалар, ғылыми дайындық, қалыптасқан профиль қажет. Ол үшін гранттарға қатысу шарт. Бұл тұйық шеңбер болып шықты. Сондықтан қазір мақсатты қаржыландыру форматы мен бағдарламасы қайта қаралып жатыр. Университеттерге өсу нүктелерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін алғаш рет «мега грант» ұғымы (қаржыландыру тұрғысынан) енгізілуі мүмкін», – деді министр.
Форумда коммерцияландыру бойынша ғылыми университеттер Альянсының құрылғаны туралы жарияланды.
Он университет AlmaU-мен меморандумға қол қойды: ҚазҰУ, Satbayev University, АЭжБУ, ҚазҰМУ, ҚазҰАЗУ, ҚБТУ, ҚАТУ, Shakarim University, ЯФИ және Азаматтық авиация академиясы. Олардың сегізі күрделі салалық міндеттерді шешуге және қосылған құны бар жаңа өнімдерді жасауға бағытталған ғылыми-зерттеу жобаларын таныстырды. Ал салалық кеңес мүшелерінен тұратын қазылар алқасы сұрақ қойып, құнды кеңестер берді.
Салалық консультативтік кеңес қазіргі уақытта Siemens, Microsoft, MC, Honeywell, Coca Cola сияқты әлемдік көшбасшылардың өкілдерін қоса алғанда 22 мүшеден тұрады.
Екінші сессияда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасының кеңесшісі, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі, AlmaU Қамқоршылар кеңесінің мүшесі Жақсыбек Күлекеев, Алматыдағы Siemens Science HUB басшысы Мартин Гитселс, тау-кен металлургия кәсіпорындары республикалық бірлестігінің атқарушы директоры Николай Радостовец, Microsoft өңірлік директоры Сергей Лещенко, Honeywell-дың ОА өңірі бойынша бас менеджері Артур Нигматьянов, Coca Cola Company-дың Орталық Азия және Кавказ бойынша техникалық директоры Мұса Ақ сала көшбасшыларына университет ғылымынан не қажет екенін айтты. ТМД бойынша IDC-дың вице-президенті, AlmaU Қамқоршылар кеңесінің мүшесі Андрей Беклемишев осы сессияның модераторы болды.
Бизнес-періште, «Baiterek Venture Fund» АҚ тәуелсіз директоры Дана Блиева, ҚБТУ профессоры Шоқан Лаумуллин, CBC Group-тың стратегиялық әріптестік жөніндегі вице-президенті Владимир Олещенко, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің экономика және есеп кафедрасының меңгерушісі Дінмұхаммед Шайкин, зияткерлік қорғау бойынша сарапшы Мелдир Ермулекова, бизнес-періште, Deep Tech бойынша сарапшы Алкен Қуанбай, «QazCem» қазақстандық цемент және бетон өндірушілер қауымдастығының техникалық сарапшысы Тимур Букашев және АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің коммерциялық мәселелер жөніндегі аға маманы Дональд Таунсенд ҒЗТКЖ-ға салынған заңдар мен инвестициялардың құрылымға қалай әсер ететінін талқылады. AlmaU-дың коммерцияландыру жөніндегі проректоры Кендрик Уайт модератор рөлін атқарды.
31 наурызда AlmaU Технологияларды коммерцияландыру орталығы Дінмұхаммед Шайкинмен зияткерлік меншікті қорғау жөніндегі жаһандық стратегия тақырыбында мастер-класс ұйымдастырды. Industry Advisory Board мүшелері Технологияларды коммерцияландыру бойынша онлайн курстар дайындамақ.