Created by potrace 1.15, written by Peter Selinger 2001-2017 A A A

Жаһандық бизнес-білім беру Орталық Азия кәсіпкерлері мен топ-менеджерлеріне бұрынғыдан да жақын бола түседі

20.02.2025

2025 жылдың 18 ақпанында Almaty Management University-де (AlmaU) Қазақстанда бірінші халықаралық Global Executive MBA (GEMBA) қос диплом бағдарламасын іске қосуға арналған «Central Asia’s Gateway to Global Executive Education: Networking & Reception» атты салтанатты іс-шара өтті. 

Іс-шараның ресми бөлігінде Бельгияның ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Еуропалық Одақ жанындағы және Солтүстік Атлантикалық Шарт ұйымындағы (НАТО) өкілдігінің басшысы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі, сондай-ақ Бельгияның ҚР-дағы дипломатиялық сауда-экономикалық өкілдігі AWEX Almaty және Europe and Central Asia Transport and Trade Association (ECATA) атынан екіжақты қарым-қатынасты нығайтатын ұйымдардың басқа да беделді өкілдері сөз сөйледі. Іс-шара аясында қазақстандық және бельгиялық компаниялар өкілдерінің B2B кездесулері де өткізілді.

Қазақстандық бизнес-білім берудің жаһандық деңгейге шығуы

Іс-шара Қазақстандағы білім беруді интернационалдандырудың жалпы стратегиясына сәйкес келеді, осыған байланысты Global Executive MBA жаңа бағдарламасы еліміздің дамушы халықаралық білім беру хабы ретіндегі рөлін арттыруға өз үлесін қосады деп күтіледі.

AlmaU GEMBA бағдарламасын Antwerp Management School-мен (AMS, Бельгия) ынтымақтастықта әзірледі. Ол – Financial Times нұсқасы бойынша үздік ТОП-50 мектептің құрамына кіретін және халықаралық аккредиттеудің «үштік тәжі» (AACSB, AMBA, EFMD) бар әлемдегі жетекші бизнес-мектептердің бірі. Бағдарламаға қатысушылар Massachusetts Institute of Technology (АҚШ), Singapore Management University (Сингапур), Antwerp Management School (Бельгия) және Swiss Federal Institute of Technology Zurich (Швейцария) сияқты әлемнің жетекші институттарында білім алу мүмкіндігіне ие болады.

AlmaU іс-шараның табысты және оған деген қызығушылықтың жоғары болғанын ескере отырып, өз алаңында тек Қазақстан мен Бельгиядан ғана емес, Орталық Азия мен жалпы Еуропа елдерінен де іскер топтардың өкілдерін біріктіру тәжірибесін дамытуды жоспарлап отыр. Өз кезегінде, білім беру ортасы мен бизнес ортаның тығыз жанасуы бір-бірін дәйекті түрде толықтырады және байытады. Бизнес-қоғамдастықтың сұраныстарын ескере отырып, салалық және өзге де белгілер бойынша іс-шаралар ұйымдастырылатын болады деп жобаланып отыр. Мысалы, көлік және логистика форумы сияқты іс-шараларды айтуға болады, онда бельгиялық компаниялар осы саладағы өз тәжірибелерін бөлісіп қана қоймай, Қазақстандағы компаниялармен көпжылдық ынтымақтастықтың табысты кейстерін бөліседі. Антверпен порты көлемі бойынша екінші, цифрландыру бойынша бірінші орында екені белгілі және әрбір қазақстандық көлік сарапшысына оған кем дегенде бір рет барып қайту пайдалы болмақ.

Қазақстан мен Бельгияның стратегиялық серіктестігі

Бельгияның ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Анри Вантигем өз сөзінде: «Біздің елдеріміз бұрын Гент университеті арқылы академиялық ынтымақтастықтарын бастаған болатын.  Antwerp Management School-дың GEMBA халықаралық бағдарламасы шеңберіндегі AlmaU-мен серіктестігі Бельгия мен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынасты, бірақ бұл жолы бизнес-білім беру саласындағы қарым-қатынасты нығайтудағы тағы бір маңызды қадам болатынына қуаныштымын», – деп атап өтті. Ол сондай-ақ өз елінің мәдени және экономикалық ерекшеліктерін атап өтті. Айталық, оның айтуынша, Бельгия өзінің шағын аумағына қарамастан, дамыған экономикаға және гуманизмнің ғасырлар бойғы дәстүрлеріне негізделген жоғары өмір сапасына ие.

Өз кезегінде, Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Еуропалық Одақ жанындағы және Солтүстік Атлантикалық Шарт ұйымындағы (НАТО) өкілдігінің басшысы Марғұлан Баймұхан GEMBA бағдарламасы Қазақстанның жаһандық экономика үшін басқарушыларды даярлау орталығы ретіндегі ұстанымын нығайтатынын атап өтті: «Біз құрып отырған байланыс Қазақстандағы және Орталық Азиядағы білім мен көшбасшылықтың болашағын қалыптастырады». Оның айтуынша, соңғы жылдары қазақстандық жастардың Бельгиядағы жоғары білімге деген қызығушылығы артып келеді: қазір онда 100-ге жуық студент оқиды, ал 2019 жылы олардың саны 30-ды құраған болатын. «Бұдан бөлек, Қазақстан мен Бельгия экономикалық салада өзара іс-қимыл жасап жүр: 2023 жылы Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесі құрылды, оның шеңберінде екі кездесу өтті. Сонымен қатар екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 2024 жылы 456 миллион еуроға жетті», – деп түйіндеді ол.

Мемлекеттік деңгейдегі қолдау

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің бейнежолдауында әлемдік университеттермен және жетекші компаниялармен стратегиялық серіктестіктің, сондай-ақ бизнес, инновациялар және технологиялық даму үшін қолайлы экожүйені құруға ықпал ететін бірлескен үкіметтік бастамалардың маңыздылығын атап өтті.

«Бұның айқын мысалы – Antwerp Management School-мен бірлесіп жүзеге асырылатын GEMBA бағдарламасы. Massachusetts Institute of Technology, Singapore Management University және Swiss Federal Institute of Technology Zurich және Antwerp Management School тәжірибесін біріктіретін бұл бағдарлама тыңдаушыларға еуропалық, қазақстандық және халықаралық іскерлік дәстүрлерді байланыстыра отырып, жоғары сапалы білім береді», — деп атап өтті министр.

Қазақстан – Еуропа әрі Азия

AlmaU Президенті Асылбек Қожахметов GEMBA бағдарламасының іске қосылуын өңірлік және халықаралық көшбасшылықты дамыту үшін стратегиялық маңызды қадам деп атады: «Бұл бағдарлама Еуропаның, Орталық Азияның, АҚШ пен Сингапурдың озық бизнес-тәсілдерін біріктіреді. Түлектеріміз тек MBA-ға ғана емес, өз компанияларында, салаларында және жалпы экономикасында трансформациялық өзгерістер жасауға көмектесетін бірегей халықаралық тәжірибеге ие болады».

АMS-ты ғылыми-зерттеу және енгізу жөніндегі Деканның орынбасары Барт Камбре Бельгияның бай академиялық дәстүрлерін және оның әлемдік бизнес-білім беруді дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, тарихи экскурс жасады. «Біздің Антверпен университетіміз жүздеген жылдар бойы жұмыс істеп келеді, ал біздің бизнес мектебіміз 1959 жылы құрылды. Бұл – аймақтағы ең көне MBA бағдарламаларының бірі. Біз компания басшыларына жергілікті іскерлік ортаның өкілдері ретінде ғана емес, жаһандық процестің қатысушылары ретінде қараймыз. Азия мен Еуропаның қиылысында орналасқан, сондай-ақ Қытаймен және Ресеймен шекаралас Қазақстан біздің ынтымақтастығымызды ескеретін елеулі әлеуетке ие», – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, оның айтуынша, AlmaU – AMS-пен ортақ құндылықтары бар қарқынды дамып келе жатқан университет. «Біздің университеттер әлемнің ең жақсы көшбасшыларын емес, әлем үшін ең жақсы көшбасшыларды дайындайды», – деп түсіндірді Барт Камбре.

Кештің шарықтау шегі Қазақстанда GEMBA бағдарламасының ресми іске қосылуының лентасын салтанатты түрде кесу болды. Іс-шара Networking & Reception форматында өтті, бұл қатысушыларға бизнес-білім беру үрдістерін талқылап қана қоймай, Қазақстанның Бельгиямен, сондай-ақ тұтастай Еуропалық Одақпен іскерлік байланыстарын нығайтуға қатысуға мүмкіндік берді.

Анықтама:

Экономиканың түрлі секторларынан ірі халықаралық және жергілікті компаниялардың серіктес ретінде қатысуы іс-шараның маңыздылығын арттырды. Олардың қатарында Lufthansa Group, Soudal Group, Alimp Group, Sarens, Leonidas, Puratos, Mercure Almaty City Center, Spirit Trade, Platinum Partners, Kormovik JV, Almaty Soul және Café Leffe бар.

Спасибо за Ваше обращение!

Заявка отправлена.
Мы свяжемся с Вами в ближайшее время.

Обратный звонок