Created by potrace 1.15, written by Peter Selinger 2001-2017 A A A

AlmaU-да қала құрылысы және өнеркәсіптік саясат бойынша сараптамалық «Think Tank» өтті

22.02.2025

Бүгін Almaty Management University-де (AlmaU) қала құрылысы және өнеркәсіптік саясат мәселелеріне арналған «Think Tank» форматындағы сараптамалық кездесу өтті.

Іс-шара ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың университетке сапары аясында ұйымдастырылды. Кездесуге Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова және AlmaU Президенті Асылбек Қожахметов модераторлық етті.

Талқылауға қалаларды жоспарлау, аумақтық даму, инфрақұрылым және құқықтық реттеу саласындағы жетекші мамандар, сондай-ақ бизнес-қоғамдастық пен білім беру мекемелерінің өкілдері қатысты. Пікірталас Қазақстандағы құрылыс саласын тұрақты дамыту үшін шешімдер іздеуге бағытталды.

Сараптамалық кездесу алаңы ретінде AlmaU-ды таңдаудың себебі – Университет тұрақты дамудың негізгі мәселелері бойынша диалогқа бастамашы болып қана қоймай, білім беру, кәсіпкерлік және басқару салаларына озық тәсілдерді белсенді енгізіп келетін білім ордасы. AlmaU көп жыл бойы аумақтарды дамытуға, инфрақұрылымды жаңартуға және қалалық ортаның сапасын арттыруға бағытталған стратегияларды әзірлеу мақсатында үздік мамандар мен практиктерді біріктіре отырып, білім мен инновацияның экожүйесін қалыптастырып келеді.

Кездесу барысында физика-математика ғылымдарының кандидаты, МҚБ бағдарламасының ғылыми жетекшісі Марат Мырзахмет «Қазақстанның жеделдетілген технологиялық әртараптандыру стратегиясын және жаңа өнеркәсіптік саясатын әзірлеу» тақырыбында және қала құрылысында стратегия мен үздік әлемдік тәжірибені ұсынған «Алматыгенплан» ҒЗИ бас директоры Асхат Садуов баяндама жасады.

ҒЗИ басшысы қазақстандық қалаларды дамытуға инновациялық және тұрақты тәсілдерді енгізудің маңыздылығына назар аударды. Өз сөзінде ол инфрақұрылымдық объектілер мен тұрғын аудандарды үйлесімді интеграциялауға жаңа шешімдерді ұсынды, сондай-ақ әлемдік үрдістерді қазақстандық мегаполистердің бірегей ерекшеліктері мен қажеттіліктеріне бейімдеу қажеттігін атап өтті.

Пікірталас барысында қатысушылар Қазақстандағы құрылыс саласы мен қала құрылысының алдында тұрған негізгі сын-қатерлерді қарастырды.

Іс-шараға қатысушылар «Think tank» жұмысының нәтижелері бойынша өнеркәсіптік саясат пен қала құрылысы саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді үйлестіру бойынша ұсынымдар әзірледі, сарапшылар қауымдастығымен өзара іс-қимылды жақсарту үшін шаралар ұсынды, сондай-ақ құрылыс пен аумақтық жоспарлауда құқықтық және экономикалық механизмдердің тиімділігін арттыру жолдарын талқылады.

«Think tank» сараптамалық кездесуі Қазақстанның инфрақұрылымын тұрақты дамытуды және жаңартуды ілгерілетудегі, сондай-ақ құрылыс саласының өзекті мәселелерін шешудегі маңызды қадам болды.

Спасибо за Ваше обращение!

Заявка отправлена.
Мы свяжемся с Вами в ближайшее время.

Обратный звонок