2025 жылдың 17 сәуірінде AlmaU Экономика және қаржы мектебі «Қаржылық сауаттылық – қаржы институттарына деген сенімді арттыру және халықтың қаржылық жауапты мінез-құлқын қалыптастыру факторы ретінде» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Іс-шара Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Fingramota.kz жобасы мен «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру, қаржы институттарына сенімді нығайту және тұрақты қаржылық дағдыларды насихаттау жөніндегі негізгі стратегияларды талқылау болды. Шараға қаржы саласындағы жетекші сарапшылар, мемлекеттік органдардың, академиялық орта мен бизнес өкілдері қатысты.
AlmaU Экономика және қаржы мектебінің «Қаржы» білім беру бағдарламасының жетекшісі Раушан Садыкова қаржыға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастырудағы мұндай шаралардың маңызын атап өтті:
«Жастар арасындағы қаржылық сауаттылықты дамытуда Экономика және қаржы мектебі маңызды рөл атқарады. Біз тұрақты қаржылық болашаққа қажетті дағдыларды қалыптастыруға бағытталған курстар әзірлеу жұмысын белсенді жалғастырып келеміз. 2025–2026 оқу жылында AlmaU барлық білім беру бағдарламаларына арналған «Қаржылық интеллект» атты жаңа курсты іске қосады. Бұл курс қаржылық білімге тереңірек үңілуге мүмкіндік береді».
AlmaU ректоры Гүлнара Куренкеева құттықтау сөзінде қаржылық сауаттылықты дамытудың стратегиялық маңызына тоқталды:
«AlmaU – өте белсенді университет. Біз жаңашылдыққа, өзгерістер мен дамуға ашықпыз. Қаржылық сауаттылық – қазіргі заман адамының дамуындағы маңызды бөлік. Біз еліміздің әл-ауқаты артуы үшін сауатты адамдарды тәрбиелеуіміз керек. Олар тек денсаулық, мамандық пен жұмыс мәселелерін ғана емес, сонымен қатар қаржы мәселелерін де түсіне білуі тиіс».
Университет қаржылық білім беру бастамаларын нақты істермен де қолдап келеді. Бұған дейін, 2024 жылғы 12 маусымда, AlmaU қабырғасында Орталық Азиядағы алғашқы MasterCard финтех зертханасы ашылған болатын. Жақында MasterCard компаниясы AlmaU кітапханасына қаржылық технологиялар мен экономикаға арналған 18 жаңа кітаптарды сыйға тартты.
MasterCard-тың Қазақстан және Орталық Азиядағы бас директоры Санжар Жамалов:
«Қаржылық сауаттылық – бұл өзекті әрі маңызды мәселе. Қазір бұл сәнге айналған сөз емес, өмір сүрудің негізгі қағидаты. MasterCard – 50 жылдан астам тәжірибесі бар финтех-компания. Біз бұл бағытты дамытуға ерекше мән береміз. Әлемдік тәжірибені зерттеп, түрлі елдермен, нарықтармен жұмыс істейміз, трендтерді бақылап, оларды жергілікті жағдайға бейімдеуге тырысамыз. AlmaU-мен арада берік әріптестік орнады, алдағы уақытта бірлескен бастамаларды одан әрі дамытамыз».
Дөңгелек үстел аясында сарапшылардың баяндамалары ұсынылған ашық пікірталас өтті:
- ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылықты арттыру департаментінің бас сарапшысы Гадилбек Аким «Халықтың қаржылық сауаттылығы – Агенттіктің негізгі бағыттарының бірі» тақырыбында баяндама жасады.
- Саяси ғылымдар кандидаты, «Халықаралық қатынастар және экономика» бағдарламасының жетекшісі Камран Гусейнов «Қазақстандағы қаржы институттарына деген сенім» тақырыбын көтерді.
- АХҚО Исламдық қаржы бөлімінің жетекшісі Мадина Тукулова «Исламдық қаржы – сенімді арттыру мен қаржылық тұрақтылықты қалыптастыру құралы ретінде» тақырыбында сөз сөйледі.
- Fintech-кәсіпкер, Prodengi Group негізін қалаушы және басшысы, «КазФинТех» қауымдастығының төрағасы Алексей Сидоров қаржылық сауаттылық пен әлеуметтік желілер арасындағы байланысты талдады.
Дөңгелек үстелдің қатысушылары мен қонақтары пікірталасқа белсенді араласып, өз идеялары мен ұсыныстарын ортаға салды. Бұл – қаржылық сауаттылық тақырыбының өзектілігін тағы бір дәлелдеді. AlmaU-де мұндай іс-шараларды өткізу – жоғары оқу орындарының қаржылық тұрғыдан сауатты әрі ақпараттандырылған қоғам қалыптастырудағы маңызды рөлін көрсетеді.