Created by potrace 1.15, written by Peter Selinger 2001-2017 A A A

AlmaU-да «Jūrttyñ balasy: Біліммен биікке» кітабының екінші басылымының тұсаукесері өтті

13.06.2025

2025 жылы 12 маусымда Almaty Management University (AlmaU) қабырғасында «Jūrttyñ balasy: Біліммен биікке» кітабының тұсаукесері өтті. Бұл – Қазақстандағы жетекші жекеменшік университеттердің бірі – AlmaU түлектерінің табысқа жету жолы туралы шабыттандыратын басылым. Кітапта білімнің, даму жолындағы ұмтылыстың және ішкі сенімнің арқасында өз болашағын қалыптастыра білген жандардың шынайы оқиғалары жинақталған. Бүгінде кітап кейіпкерлері — қоғамның дамуына өз үлесін қосып жүрген, елеулі нәтижелерге жеткен және зор құрметке ие болған кәсіпқой мамандар. Мұндай тұлғаларды халық арасында «жұрттың баласы» деп атайды — олардың өмір жолы өзгелерге үлгі әрі шабыт көзі бола алады.

Кітапта AlmaU-дың 18 түлегінің тағдыры баяндалады. Әрқайсысы қиындықтар мен сынақтарға толы жолдан өткен. Олар — кәсіпкерлер, спортшылар, заңгерлер, өнер өкілдері және түрлі саланың мамандары. Бұл адамдар өмірінің шешуші сәттерінде оңай жолды емес, өзгерістерге қадам басуды таңдаған. Мұндай сәттерде білім мен оқу олар үшін жай ғана мансап баспалдағы емес, шынайы тірекке, күш пен рухани өсудің бастауы бола білді.

AlmaU ректоры Гүлнара Куренкеева құттықтау сөз сөйлеп, бұл жобаның қалай бастау алғанын атап өтті:

«Бұл кітаптың идеясы AlmaU студенттерінің рухын бейнелейтін ұран мен концепцияны іздеген кезде пайда болды. Кампус жаңартылып жатқанда, университет қабырғалары өздігінен сөйлеп тұрғанын қаладық. Ағылшын тіліндегі жаттанды мотивациялық сөздерді қолданғымыз келмеді — бізге өзімізге тән, жанды бір дүние қажет болды. Жобаның жетекшісі Жазира Байдалы бірнеше рет идеялармен келіп жүрді — солайша “Жұрттың баласы оқитын AlmaU” деген ұран дүниеге келді, кейін ол үлкен жобаға айналды. Бұл – кітаптың екінші басылымы, және мен алда үшінші, төртінші басылымдар да болады деп сенемін».

Жобаның жетекшісі Жазира Байдалы бұл идея туралы толығырақ айтып берді:

«”Жұрттың баласы” деген тіркес қоғамымызда көбінесе теріс мағынада қабылданады. Ал біз бұл ұғымға жаңа мән беріп, оны жағымды жағынан көрсетуді мақсат еттік. Тек көзқарасты өзгертуді ғана емес, осы кітапты мектеп бітіруші түлектер мен студенттер арасында кеңінен насихаттағымыз келді — оларды AlmaU сияқты ортада білім алуға ұмтылдыруды қаладық. Екінші басылым қазақ тілінде жарық көрді, онда әртүрлі деңгейде білім алған 18 кейіпкердің тағдырын баяндайтын қызықты оқиғалар топтастырылған. Егер біздің ойымыз мақсатты аудиторияға жетіп, оларды тебіренте алса — демек, мақсатымыз орындалды деген сөз».

Лентаны салтанатты түрде қию рәсімінен кейін кітап кейіпкерлерінің қатысуымен панельдік пікірталас өтті. Бұл сессияны Жазира Байдалы жүргізді. Пікірталас барысында қатысушылар AlmaU-да алған білімдерінің өмірлік қиындықтарды еңсеруде, өз жолын табуда және жеке даму бағытын қалыптастыруда қалай шешуші рөл атқарғаны жайлы ой бөлісті.

Кітап кейіпкерлерінің бірі, Provisa компаниясының ортақтасы Олжас Тұрсынбаев пікірталас барысында өзін табу жолындағы ерекше тәсілімен бөлісті. Ол бұл әдісті бейнелі түрде «швед үстелі» деп атады:

«Мен өз жолымды “швед үстелі әдісі” деп атаймын: алдыңда түрлі тағамдар тұрған кезде, саған не ұнайтынын дөп басып айту қиын — бәрін татып көрмейінше білмейсің. Өмірде де солай — өзіңді түрлі салаларда байқамайынша, шынайы қызығушылығыңды табу оңай емес. Мен әртүрлі бағытта жұмыс істеп, тәжірибе жинадым, ақырында менің мықты тұстарым — маркетинг пен сату саласында екенін түсіндім».

Halyk қайырымдылық қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықұлы білім — кез келген жаста қолжетімді әрі құнды ресурс екенін атап өтті:

«Білім алуға ешқашан кеш емес. Мен AlmaU-да MBA бағдарламасы бойынша оқығанда, алған білімімді бірден тәжірибеде қолдана бастадым. Кейде ойлаймын: егер осы жолды 4–5 жыл бұрын бастағанда, бәлкім, бизнеске деген түсінігім мен көзқарасым мүлде басқа болар ма еді. Мен шынайы өмірде қажет болатын — практикалық, қолданбалы білім алдым. Егер мүмкіндік болса, бұл жолдан тағы да өткім келер еді. Қазір алдыма жаңа мақсат қойдым — DBA бағдарламасына түсу. Мен үшін білім — өмір бойғы сапар, әрі мен әлі де үйренгім келетін, меңгергім келетін дүниелер көп екенін түсіндім».

Панельдік пікірталас барысында заңгер Әсет Рахимов университеттің барлық студенттеріне, мамандығына қарамастан, кәсіпкерлік ойлау қабілетін дамытуға баса назар аударатынын атап өтті:

«Мен AlmaU колледжін, кейін университет пен магистратураны құқықтану мамандығы бойынша аяқтадым. Қай мамандықта оқысаң да, мұнда кәсіпкерлік ойлауды міндетті түрде дамытады — бұл бүгінгі күні әрбір маманға қажет қасиет. Мен заңгермін, бірақ AlmaU-дың арқасында бизнес туралы түсіне бастадым және кеңінен ойлауға үйреніп келемін. Уақыт өте келе бұл дағдыларымды одан әрі дамыта аламын деп ойлаймын. Қазірдің өзінде нақты түсіндім: мен тек заңгер болып қалғым келмейді — болашақта өз ісімді ашуды жоспарлап жүрмін».

MOST Media компаниясының жобалар менеджері Назым Даржанова AlmaU-дағы оқу мен тәжірибе оның кәсіби жолындағы алғашқы қадамдарына қалай ықпал еткенімен бөлісті:

«Бірінші курста оқытушымыз Арман Сұлтанұлы бізге нақты клиент тауып, онымен жұмыс істеу туралы тапсырма берді. Біз — мектепті енді ғана бітіріп, тәжірибесі жоқ бірінші курс студенттері — бір компанияға өз қызметімізді ұсындық және үш ай ішінде идеяны нағыз жобаға айналдырдық. Сол кезде түсіндім: ең бастысы — мүмкіндікті жіберіп алмау және жауапкершіліктен қорықпау. Кейін мен AlmaU-дың маркетинг бөлімінде жұмыс істей бастадым және алған білімімді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алдым. Қазір MOST Media компаниясында басшылық қызметтемін және сеніммен айта аламын: менің білімімнің, дағдыларым мен тәжірибемнің іргетасы дәл осы AlmaU-да қаланды».

Пікірталас барысында CompasTeleCom компаниясының құрылтайшысы және бас директоры Әнуар Төлепбай MBA бағдарламасынан алған әсерімен бөлісті:

«2016 жылы Facebook арқылы Ақтөбеде MBA бағдарламасы бар екенін білдім. Ол кезде бұл бағдарламаның нақты не екенін толық түсінбесем де, қызығушылықпен оқуға жазылдым. Ол уақытта менің жеке кәсібім бар еді, компания басшысы болдым. Бірақ дәл осы Almaty Management University-дегі оқу маған бизнесті кәсіби түрде қалай жүргізу керектігін көрсетті. 2018 жылы оқуымды аяқтағаннан кейін білімнің нақты нәтижесін көре бастадым: бүгінде мен – CompasTeleCom компаниясының құрылтайшысы және бас директормын. Бұрын бұл тек жан қалауы болған жоба еді, ал қазір – толыққанды әрі белсенді дамып жатқан бизнес».

Сондай-ақ Galamat Group компаниясының негізін қалаушы Сейтжан Сыпабеков хирургтен кәсіпкерге дейінгі жолының AlmaU-дағы білім арқылы қалай жаңа мәнге ие болғанын айтып берді:

«Негізгі мамандығым — дәрігер, хирург болуға оқыдым. Алайда уақыт өте келе медицина тек емдеуден тұрмайтынын түсіндім. Бүгінде өзімді кәсіпкер ретінде де танытамын. Кәсіпкерлік мен үшін жай табыс көзі емес — бұл адамдардың өміріне оң әсер етіп, денсаулық сақтау жүйесіне нақты үлес қосудың жолы. AlmaU-дағы MBA мен DBA бағдарламалары осы жолдағы шешуші кезеңге айналды. Бұрын ғылыми зерттеулермен айналысып, өзімді ғалым ретінде елестететінмін. Ал енді стратегиялық жоспарлау мен қаржылық басқару бойынша алған білімімнің арқасында кәсібімді мүлде жаңа деңгейге көтердім. Білім мен тәжірибенің үйлесімі менің кәсіби және жеке дамуыма қуатты серпін берді».

Іс-шараның ресми бөлігін жылы әрі шынайы атмосферада өткен фуршет пен кітап кейіпкерлерімен еркін әңгіме жалғастырды. Бұл кездесу қонақтар үшін шабыт пен мотивация алуға, тәжірибе бөлісіп, жаңа байланыс орнатуға мүмкіндік берген әсерлі әрі мазмұнды нетворкинг алаңына айналды.

«Jūrttyñ balasy. Біліммен биікке» кітабы — өз жолын іздеп жүрген жандарға арналған. Ол — студенттерге, жас мамандарға, кәсіпкерлікке алғашқы қадам жасап жүргендерге немесе өмірлік таңдаудың маңызды кезеңінде тұрған жандарға бағытталған. Бұл жинақтағы шынайы өмір оқиғалары мына бір қарапайым, бірақ маңызды ойды жеткізеді: әр адам «жұрттың баласы» бола алады — егер ол даму жолын, адал еңбекті және ішкі биіктерге ұмтылуды саналы түрде таңдаса.

Спасибо за Ваше обращение!

Заявка отправлена.
Мы свяжемся с Вами в ближайшее время.

Обратный звонок