AlmaU халықаралық деңгейде тағы бір мәрте мойындалып, БҰҰ-ның United Nations Academic Impact (UNAI) бастамасы аясында Тұрақты даму мақсаты №7 – «Қолжетімді және таза энергия» бойынша хабтың сыртқы өзара іс-қимыл және серіктестіктер жөніндегі вице-төрағасы болып тағайындалды. Осылайша AlmaU тұрақты энергетиканы дамыту бойынша жаһандық академиялық күн тәртібін қалыптастыратын университеттердің қатарына енді. Бұл тағайындау Қазақстанның ТДМ-ды ілгерілетуге қатысуын да күшейтеді.
Осы мәртебеде AlmaU университеттермен және индустриямен қоғамдық өзара іс-қимыл мен серіктестіктерді дамыту арқылы БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму күн тәртібін ілгерілетуде маңызды рөл атқарады. Университеттің өкілеттік мерзімі 2026 жылғы наурыздан 2027 жылғы желтоқсанға дейін жалғасады.
«340 университеттің ішінде AlmaU тұрақты тәжірибелерді ілгерілетуде көшбасшы ретінде ерекшеленді. Университет білім беруді, қолданбалы зерттеулерді және қоғаммен өзара әрекеттесуді біріктіріп, ТДМ 7-ге деген берік ұстанымын көрсетіп отыр», – деді БҰҰ-ның Жаһандық коммуникациялар департаменті Қоғаммен өзара іс-қимыл бөлімінің міндетін атқарушы басшысы Роберт Скиннер.
Вице-төраға ретінде Almaty Management University академиялық ынтымақтастық бойынша халықаралық жобаларды үйлестіріп, басқа университеттермен өзара әрекеттеседі. Атап айтқанда, AlmaU зерттеулер жөніндегі вице-төраға ретінде Central University of Venezuela университетімен, сондай-ақ тең төрағалар – Lagos State University (Нигерия) және National and Kapodistrian University of Athens – Energy Policy and Development Centre (KEPA) (Грекия) университеттерімен тығыз жұмыс істейді.
UNAI хабтары академиялық қауымдастықтың әлеуетін пайдаланып, әлеуметтік, экономикалық және экологиялық өзгерістерді ілгерілетуге, сондай-ақ жаңа буын көшбасшыларын және оң өзгерістердің бастамашыларын қалыптастыруға бағытталған.
Жұмыс аясында ТДМ қағидаттарын білім беру бағдарламаларына, қолданыстағы және жаңа ғылыми зерттеулерге, университеттердің операциялық қызметіне, қоғаммен жұмысқа және серіктестік жобаларға енгізу, сондай-ақ тұрақты даму саласында оқыту мен білім беруді қолдау жоспарланып отыр.
«Академиялық қауымдастықтың, мемлекеттің, бизнестің және азаматтық қоғамның серіктестігі арқылы біз тек байланыстарды нығайтып қана қоймай, нақты өзгерістер жасауға ниеттіміз, – дейді AlmaU-дың жаһандық серіктестік жөніндегі проректоры Шолпан Тазабек. – Біздің мақсатымыз – университеттер мен қоғамдастықтарды таза энергияға көшуді жеделдететін және цифрлық экономика мен инновациялық технологиялардың тұрақты дамуын қолдайтын жаңа жобалар мен зерттеулерге шабыттандыру».
Сонымен қатар AlmaU өзін экологиялық тұрақты әрі энергия тиімді университет ретінде дамытуды жалғастырып, Алматы облысында жаңа “жасыл” кампус салуды жоспарлап отыр.
ТДМ №7 «Қолжетімді және таза энергия» – баршаға сенімді, заманауи және тұрақты энергияға қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл мақсат жаңартылатын энергия көздерін кеңінен қолдануды, энергия тиімділігін арттыруды және таза технологиялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты қамтиды. Бүгінде бұл мақсат цифрлық технологиялар мен AI-дың қарқынды дамуы жағдайында ерекше өзекті: дата-орталықтар, бұлттық платформалар және AI жүйелері орасан зор энергия ресурстарын талап етеді. Сондықтан қолжетімді және таза энергия климаттың өзгеруіне қарсы күрестің ғана емес, сонымен қатар цифрлық экономика мен технологиялық инновациялардың тұрақты дамуының маңызды шартына айналып отыр.
UNAI әлемнің 150 еліндегі 1700-ден астам университетті біріктіреді. Олар академиялық ресурстарды зерттеу, білім беру және жаһандық ынтымақтастық үшін пайдаланып, оң әлеуметтік, экономикалық және экологиялық өзгерістерге ықпал етеді.
UNAI туралы қосымша ақпарат: https://www.un.org/en/academicimpact