2025 жылы 21–22 тамыз күндері AlmaU Қытайдың Чжэцзян университеті (Zhejiang University) Менеджмент мектебінің Executive MBA бағдарламасының 21 қатысушысынан құралған делегацияны қабылдады.
21 тамызда сапар аясында қонақтар AlmaU кампусымен танысып, Жоғары бизнес мектебінің жетекші және шақырылған сарапшыларының дәрістеріне қатысты, сондай-ақ Алматыда орналасқан халықаралық компания Hikvision Kazakhstan-ға барды.
Делегацияны Профессор Hong DU, Чжэцзян университетінің EMBA бағдарламасы офисінің директоры, Профессор Yuan ZHU, Чжэцзян университеті Менеджмент мектебі Дамыту комитетінің төрағасы, ханым Siqiong HONG, EMBA бағдарламасының әкімшілік директоры бастап келді. Ұйымдастырушылық қолдауды ханым Nian TONG, EMBA бағдарламасы офисінің халықаралық бағдарламалар басқармасы атқарды.
AlmaU негізін қалаушы әрі ректоры Асылбек Қожахметов делегацияны қарсы алып, атап өтті:
«Біз үшін әлемдегі жетекші бизнес-мектептердің бірі – Чжэцзян университетінің Менеджмент мектебінің осындай беделді делегациясын қабылдау зор мәртебе. Алғаш рет біздің алаңымыз Қытайдан келген MBA студенттерінің осындай ауқымды тобын қарсы алып отыр. Олардың қатарында Чжэцзян провинциясының табысты кәсіпкерлері, компания басшылары мен бизнес көшбасшылары бар. Бұл аймақ Қытайдың ең қарқынды және инновациялық өңірлерінің бірі болып саналады. Сіздердің сапарларыңыз – тек білім алмасу ғана емес, сонымен қатар білім мен бизнестің біздің елдер арасындағы көпірге айналғанының айқын белгісі. Қазақстанмен танысу жаңа жобаларға, байланыстарға және жарқын әсерлерге жол ашады деп сенеміз».
21 тамыз күні бағдарлама қатысушылары AlmaU спикерлері мен бизнес өкілдерінің дәрістерін және мастер-класстарын тыңдады:
- Акмарал Алталиева, PhD, AlmaU ЖБМ практика профессоры, Fulbright Scholar (АҚШ) — «ESG шынайы қырынан: стратегиялық маңыздылығы және енгізудегі сын-қатерлер»;
- Олжас Оналов, «Eastcomtrans» ЖШС коммерция және даму жөніндегі бас директордың орынбасары және Даурен Берекетов, «Eastcomtrans» ЖШС даму және GR директоры — «Орталық Азия мен Қытай логистикасы: Транскаспий халықаралық көлік дәлізі»;
- Наталья Кузетова, AlmaU ЖБМ практика профессоры, Kaizen Project кеңесшісі, Lean/Kaizen бойынша сарапшы, Gemba Point Операциялық жетілдіру орталығының негізін қалаушы — «Kaizen/Lean/Үнемді өндіріс: философия, табыс қағидаттары, бизнес-контекст және өзгерістерді басқару».
22 тамыз күні бағдарлама жалғасын тауып, қатысушылар InDrive компаниясының кеңсесінде болып, оның жаһандық табыс тарихы мен инновациялық даму тәжірибесімен танысты. Сонымен қатар күн тәртібіне мәдени іс-шаралар, қала таныстығы және қазақстандық әріптестермен бейресми кездесулер енді.
AlmaU Чжэцзян университетінің делегациясына сапары үшін, сондай-ақ халықаралық академиялық және іскерлік ынтымақтастықты дамытуға үлес қосқан спикерлерге шынайы ризашылығын білдіреді. Сонымен қатар AlmaU Hikvision Kazakhstan, InDrive және Eastcomtrans компанияларының ашықтығы мен өз тәжірибелерімен бөлісуге және шетелдік қонақтарға өз бизнесін таныстыруға дайындығын зор алғыспен атап өтеді.
AlmaU Жоғары бизнес мектебі жаһандық тәжірибе алмасудың, кәсіпкерлік білімді ілгерілетудің және Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестік байланыстарды нығайтудың маңызды алаңы болып қала береді.