Алматы, 2025 жылғы 5 маусым — Almaty Management University-де (AlmaU) Қазақстандағы академиялық және ғылыми шеберлік орталықтарын дамытуға арналған «Lab of Excellence» конференциясы өтті. Іс-шара BR21882373 «Қазақстандағы жоғары білім мен ғылымда академиялық шеберлік бастамасын жүзеге асырудың ғылыми, әдістемелік және тұжырымдамалық негіздерін дамыту» ғылыми бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.
Конференцияға 100-ге жуық қатысушылар, оның ішінде академиялық қоғамдастық өкілдері, жетекші ғалымдар, білім беру саласындағы сарапшылар және салалық серіктестер қатысты. Іс-шараның мақсаты академиялық және ғылыми-зерттеу жетістіктері бойынша бастамаларды енгізу тәжірибесін талқылау, сондай-ақ оларды мемлекеттік және аймақтық деңгейлерде кеңейту стратегияларын қалыптастыру болды.
Бағдарлама пленарлық отырысты, «Қазақстандағы академиялық шеберлік бастамасы: стратегиялар мен сын-қатерлер» ұжымдық монографиясының тұсаукесерді, халықаралық спикер – Гонконг университетінің білім беру факультетінің деканы, профессор Руй Янның баяндамасын және академиялық және ғылыми шеберлік орталықтарының тұрақты дамуына арналған стратегиялық сессияны қамтыды.
Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова сөйледі. Ол Қазақстан Республикасында жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес инновацияларды енгізу алаңы ретінде университеттердің рөлін және Академиялық және ғылыми шеберлік орталықтарын құрудың өзектілігін атап өтті.
AlmaU проректорлары Тимур Бұлдыбаев пен Әсел Арын конференцияның Қазақстандағы академиялық жетістіктерге жаңа көзқарасты қалыптастыру және білім алмасу алаңы ретіндегі маңыздылығын айтып өтті. Пленарлық отырыстың модераторы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғарғы білім министрлігі Жобаларды басқару басқармасының Академиялық шеберлік жобалары тобының жетекшісі Фатима Жақыпова болды.
Конференцияда академиялық және ғылыми жетістіктер бастамасын жүзеге асыратын университеттердің практикалық істері ұсынылды:
- Х.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылым және стратегиялық даму жөніндегі проректоры Айнаш Ошибаева Түркістан облысының дамуына үлес қосып жүрген ғылыми алаң ретіндегі Академиялық және ғылыми-зерттеу шеберлігі орталығының қызметі туралы айтып өтті. Орталық медицина, биотехнология, экология, ауыл шаруашылығы және цифрлық технологиялар салаларында зерттеулер жүргізеді.
- Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров өңірдегі экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған орталықтың жұмысымен таныстырды. Университетте өндірістік қалдықтарды кәдеге жарату, ауаның сапасын жақсарту, су ресурстарын тиімді пайдалану, экологиялық таза технологияларды енгізу жобалары жүзеге асырылады.
- Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғылыми бағдарлама жетекшісі, PhD докторы Ернат Қожахметов облыстың тау-кен металлургия кешенінің дамуы туралы баяндама жасады. Университет орталығы сирек және сирек жер металдарының минералдық-шикізаттық базасын қалыптастыру, геоақпараттық жүйелерді енгізу, тау-кен және металлургиялық қалдықтарды өңдеу, өнеркәсіптің қоршаған ортаға әсерін азайту бойынша жұмыс жүргізеді.
- А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің Қолданбалы биотехнология ғылыми-зерттеу институтының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Әлия Ысқақ құрылып жатқан ғылыми-технологиялық орталықтың қызметімен таныстырды. Орталық жер-су ресурстарының экологиялық мониторингі, азық-түлік қауіпсіздігін бағалау, ауылшаруашылық техникасын және тау-кен өндірісін дамыту жұмыстарын жүргізеді.
Халықаралық спикер Қытайдағы академиялық жетістіктер бағдарламасының жаһандық тәжірибесімен және қорытындыларымен бөліскен «Academic Star Wars: Excellence Initiatives in Global Perspective» кітабының авторларының бірі, профессор Руй Янг болды.
AlmaU ұсынған ұжымдық монографиясын Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жобалық кеңсесінің қолдауымен ғылыми бағдарламаның зерттеу тобы дайындаған. Монография жүргізілген зерттеулердің негізгі нәтижелерін көрсетеді және Академиялық және ғылыми шеберлік орталықтарын одан әрі дамыту үшін ғылыми негіз болып табылады.
Конференцияның қорытынды кезеңі стратегиялық сессия болды. Оны AlmaU президентінің және ректорының білім беруді трансформациялау және халықаралық даму бойынша кеңесшісі, сондай-ақ Global Education Futures халықаралық бастамасының негізін қалаушы Павел Лукша жүргізді. Интерактивті форматта сессияға қатысушылар төрт негізгі бағыт бойынша жүйелі ұсыныстар әзірледі: білім беру қызметі, ғылыми-зерттеу қызметі, тиімді менеджмент (God Governance) және университеттің үшінші миссиясы – қоғам мен өңірлердің дамуына үлес қосу.
Lab of Excellence конференциясы ғылымды, білімді дамытудағы және өзекті өңірлік мәселелерді шешудегі қазақстандық университеттердің әлеуетін көрсететін академиялық және ғылыми-зерттеу шеберлігі бастамасын ілгерілетудегі маңызды қадамы болды.