2025 жылғы 6 қазанда Алматы қаласы әкімінің инклюзия және мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі кеңесшісі Қасиет Омарова басқарған және кеңсе сарапшылары – Гүлмира Бурашева мен Валерия Мамонованың қатысуымен Almaty Management University (AlmaU) қабырғасында воркшоп өтті.
2023 жылдан бастап әкімнің инклюзия мәселелері жөніндегі кеңесшісінің офисі қаланы басқарудың барлық аспектілеріне инклюзивті қағидаттарды енгізу жөніндегі миссияны белсенді іске асыруда.. Жұмыс басқармалармен, ведомстволық ұйымдармен және серіктестермен тығыз өзара іс-қимылда жүргізіліп, инклюзиялық тәсілдерді стратегиялар, бағдарламалар мен жобаларға енгізу арқылы шынайы қолжетімді әрі жайлы қалалық орта құруға бағытталған.
Воркшоп барысында сарапшылар жоғары оқу орындарында инклюзивті білім беруді дамыту бойынша ұсыныстармен бөлісті. Талқыланған негізгі тақырыптар – университеттің миссиясы мен стратегиялық жоспарына инклюзия қағидаттарын енгізу, сондай-ақ оқу процесін студенттердің жеке қажеттіліктеріне бейімдеу мәселелері болды. Ерекше назар инфрақұрылымның қолжетімділігіне, ақпараттық-цифрлық ортаға, этика мен дұрыс терминологияны қолдануға аударылды.
Воркшоп бағдарламасы студенттердің әртүрлі ерекшеліктерін ескере отырып, білім беру процесін бейімдеуге арналған тәжірибелік бөлімдер мен кейстерді қамтыды:
- көру қабілеті бұзылған студенттерге арналған тәсілдер;
- аутистік спектр бұзылыстары бар студенттерге арналған тәжірибелер;
- менталды бұзылыстары және өзге де мүгедектік түрлері бар студенттерге арналған бейімдеу тәсілдері.
Almaty Management University – ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттердің қажеттіліктерін ескеретін инфрақұрылым құрған еліміздегі алғашқы жоғары оқу орындарының бірі.
Университет тек физикалық қолжетімділікті қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен бірге жайлы, қауіпсіз және қолдаушы оқу ортасын қалыптастыратын тиімді оқыту әдістемесін дамытуға ұмтылады.
Университетте халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылған: барлық кіреберістер пандустармен, тұтқалармен және шақыру түймелерімен жабдықталған; қызметтік автотұрақта арнайы тұрақ орындары қарастырылған; халықаралық стандарттарға сай бес санитарлық бөлме шақыру түймелерімен жабдықталған; көру қабілеті төмен адамдар үшін тактильді плиткалар мен контрастты навигация орнатылған.
AlmaU ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерді оқыту тәсілдерін жетілдіруді және инклюзивті мәдениетті университеттің барлық бағыттарында дамытуды жалғастыруда.