30 қаңтарда 2025 жылы «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында Экономика және қаржы мектебінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Банк талдауы және стресс-тестілеу департаментінің директоры Иван Борисович Мойсов «Банк секторын реттеудің рөлі және оның несие беру процесіне әсері» тақырыбында қонақ дәрісі өтті.
Иван Борисович банк секторын реттеудің негізгі аспектілері, оның қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызы және реттеудің несие беру процестеріне, сондай-ақ бизнес пен халық үшін қаржы ресурстарының қолжетімділігіне әсері туралы жан-жақты айтып берді. Ол стресс-тестілеу механизмдері мен олардың тәуекелдерді басқарудағы рөліне ерекше тоқталды.
Дәріс студенттердің үлкен қызығушылығын тудырды. Қатысушылар түрлі мәселелер бойынша белсенді сұрақтар қойып, тәжірибелік мысалдарды талқылап, өз пікірлерімен бөлісті. Пікірталас барысында жаңа реттеуші талаптарды енгізу, макроэкономикалық жағдайдың несие нарығына әсері және банк секторының даму перспективалары сияқты мәселелер көтерілді.
Мұндай іс-шаралар білім беру мекемелері мен кәсіби қоғамдастық арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етіп, студенттерге қаржы саласындағы өзекті мәселелер мен үрдістерді жақсы түсінуге мүмкіндік береді.
Бұл дәріс тәжірибе мен білім алмасу алаңына айналды, сонымен қатар талқыланған тақырыптың өзектілігі мен жас мамандардың сала сарапшыларымен өзара әрекеттесуінің маңыздылығын көрсетті.