25 қыркүйекте AlmaU-да AlmaU Жоғары бизнес мектебінің Креативті индустриялар орталығы ұйымдастырған «Этникалық кәсіпкерлік феномені: мәдениет классикалық бизнесті қалай өзгертеді» тақырыбында қонақ дәрісі өтті.

Қатысушыларға құттықтау сөзін Қамза Әсел Кәкенқызы, Креативті индустриялар орталығының директоры, арнады. Ол мәдениет, кәсіпкерлік және заманауи бизнес-процестер арасындағы өзара байланысты зерттеудің маңыздылығын атап өтті.
Дәрістің спикері – Герман Ким, тарих ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Азия зерттеулері институтының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, корейтану, диаспоралар тарихы және мәдени мұра саласындағы жетекші мамандардың бірі.

Дәріс барысында қатысушылар мәдениеттің, отбасылық және этникалық байланыстардың, сенім мен әлеуметтік желілердің кәсіпкерлік ресурстарға қалай айналатынын талқылады. Идея, тәуекел, нарық және пайда негізгі құрамдас бөліктер болып саналатын классикалық бизнес-модельден ерекшелігі – этникалық кәсіпкерлік қауымдастық ішіндегі байланыстарға, мәдени нормаларға және тарихи отанмен қарым-қатынасқа да сүйенеді.
Маңызды тақырыптардың бірі бизнестің этникалық нишадан кеңірек нарыққа шығуы болды. Спикер атап өткендей, бастапқыда белгілі бір қауымдастыққа бағытталған тауарлар мен қызметтер уақыт өте келе оның шеңберінен шығып, этносаралық нарықтың бір бөлігіне, одан әрі ауқымды әрі әртараптандырылған бизнес-модельдің негізіне айналуы мүмкін.

Кәсіпкерліктің бейімделу мен әлеуметтік мобильділіктегі рөліне де ерекше назар аударылды. Мигранттық қауымдастықтар үшін жеке кәсіп тек табыс көзі ғана емес, жаңа қоғамға бейімделу, жұмыс орындарын құру және келесі ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру тәсіліне айналуы мүмкін.
Герман Ким әлемнің түрлі өңірлеріндегі корей диаспораларының мысалында бір мәдениеттің жергілікті нарық ерекшеліктеріне қарай әртүрлі бизнес траекторияларын қалыптастыра алатынын көрсетті. Қатысушылар этникалық кәсіпкерліктің мүмкіндіктері мен шектеулерін де қарастырды: қауымдастық ішіндегі сенім мен байланыстар бизнесті бастауға ықпал етуі мүмкін, алайда одан әрі өсу үшін тар нишаның шеңберінен шығып, кеңірек нарыққа бейімделу маңызды.
Дәріс мәдениет пен бизнестің өзара байланысына жаңаша көзқарас қалыптастырып, мәдени кодтың кәсіпкерлердің клиенттер мен серіктестерді қалай табатынына, сенім қалыптастыруына, ресурстарға қол жеткізуіне және өз компанияларын дамытуына ықпал ететінін көрсетті. Сонымен қатар мәдениет нарықтық тетіктердің орнын алмастырмайды, керісінше, олармен өзара әрекеттесудің өзіндік тәсілдерін қалыптастырады.
