Created by potrace 1.15, written by Peter Selinger 2001-2017 A A A

AlmaU-да «Еуразиядағы дамудың саяси экономикасындағы жаңа жетістіктер» атты III халықаралық конференция өтті

09.06.2025

2025 жылы 5–7 маусым аралығында Almaty Management University (AlmaU) қабырғасында «Еуразиядағы дамудың саяси экономикасындағы жаңа жетістіктер» атты III Халықаралық конференция өтті. Бұл маңызды ғылыми шара Еуразия және Солтүстік Америка елдеріндегі университеттер мен сараптамалық орталықтардың зерттеушілері, оқытушылары мен сарапшыларын біріктірді. Конференция саяси-экономикалық үдерістерге қатысты өзекті мәселелерді талқылауға, идея алмасуға және шынайы деректер мен заманауи әдістерге негізделген жаңа зерттеулерді ұсынуға арналған алаңға айналды.

Үш күн ішінде қатысушылар мемлекеттік басқару мен санкциялық саясаттан бастап сайлау үдерістері, әлеуметтік институттар және экологиялық сын-қатерлерге дейінгі кең ауқымды тақырыптарды қамтыған саяси экономика саласындағы түпнұсқалық зерттеулерін ұсынды. Конференцияға Еуразия және Солтүстік Америка елдерінің жетекші саясаттанушылары, ғалымдары мен зерттеушілері қатысты.

AlmaU президенті Асылбек Кожахметов қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде ол саяси-экономикалық үдерістерді зерттеуде ғылыми көзқарастың маңыздылығын атап өтті:

«Конференция қатысушыларының баяндамалары Еуразия елдеріндегі институттардың жұмысы, олардың өзара байланысы және қазіргі заманның қиындықтарына қалай жауап беретіні жайлы. Ең бастысы, ұсынылған материалдар субъективті пікірге емес, ғылыми зерттеулердің нәтижесіне негізделген, ал оларсыз біз өмір сүріп жатқан және армандайтын әлемді дұрыс түсіну мүмкін емес. Қазақстанда біз ұлттық экономиканың тұрақты әрі қорғалған болуы керек деп санаймыз, бірақ сонымен бірге ол конструктивті байланыстарға ашық болуы тиіс. Осы жүйеде қабылданатын саяси шешімдер оның маңызын арттыруға қызмет етуі керек, өздігінен оқшаулануға әкелмеуі қажет».

Конференцияның бірінші күнінде үш тақырыптық панельдік пікірталас ұйымдастырылды. Қатысушылар өз зерттеу нәтижелерін ұсынып, саяси экономиканың өзекті мәселелерін талқылады. Негізгі назар келесі тақырыптарға бағытталды:

  • Бизнес және мемлекеттік басқару – 1 (Business and Governance – 1)
  • Миграция (Migration)
  • Қақтығыстар (Conflicts)

Баяндамалар мемлекет пен бизнес арасындағы өзара әрекеттестіктен бастап, көші-қон үдерістерінің динамикасы, қазіргі қақтығыстардың себептері мен салдары және тұрақты саяси дамуға әсер ететін факторларға дейінгі кең ауқымды мәселелерді қамтыды.

Конференцияның алғашқы күнінде ерекше назар Испаниядағы Помпеу Фабра университетінің профессоры Рубен Ениколоповтың баяндамасына аударылды. Ол — саяси институттар, медиа және әлеуметтік ғылымдардағы далалық зерттеулер саласындағы әлемдік деңгейдегі жетекші мамандардың бірі. Оның шолу лекциясы әлеуметтік желілердің саяси үдерістерге әсері (Political Effects of Social Media) тақырыбына арналды:

«Әлеуметтік желілердің саяси үдерістерге ықпалы — бүгінгі күннің ең өзекті тақырыптарының бірі. Байланыс технологиялары әрқашан қоғамның қалай жұмыс істейтініне әсер етіп келген: алғашқы баспахана мен кітаптардың шығуынан бастап, радио мен телевидениенің таралуына дейін. Алайда соңғы 10–15 жыл ішінде біз, бәлкім, ең ауқымды өзгерістерге куә болдық — бұл әлеуметтік желілердің қарқынды дамуының нәтижесі. Бұл платформалар әлеуметтену мен саяси өзара әрекеттестіктің тәсілдерін түбегейлі өзгертті, алайда олардың қоғамға нақты қалай әсер етіп жатқанын әлі толық түсініп үлгерген жоқпыз. Әлеуметтік желілер жалған ақпараттың таралуы мен қоғамның екіге жарылуы сияқты жаңа қауіптерді ала келгенімен, олар сонымен қатар жаңа мүмкіндіктерге де жол ашады. Кейбір жағдайларда бұл платформалар азаматтық еркіндіктерді кеңейтудің және авторитарлық режимдерге қарсы тұрудың құралы бола алады. Осы үдерістерді ғылыми тұрғыдан терең зерттеу — саяси институттардың цифрлық дәуір жағдайына бейімделуі үшін аса маңызды».

Профессордың баяндамасы конференция қатысушыларының үлкен қызығушылығын тудырып, қызу пікірталастарға ұласты.

Конференцияның екінші күнінде төрт тақырыптық панельдік пікірталас өтті. Бұл сессияларда қатысушылар өз зерттеу нәтижелерін ұсынып, саяси экономиканың өзекті мәселелерін жан-жақты талқылады. Сессияларда қаралған негізгі тақырыптар төмендегідей болды:

  • Саясат және даму (Politics and Development)
  • Басқару және құқық (Governance and Law)
  • Мұра және тұрақтылық (Legacy and Persistence)
  • Халықаралық саясат және экономика (аралас сессия) (International Politics and Economics)

Баяндамалар құқықтық институттардың және басқару тәжірибелерінің дамуға әсерінен бастап, саяси-экономикалық жүйелердің орнықтылығын қалыптастыратын тарихи факторларға және қазіргі халықаралық сын-қатерлерге дейінгі кең тақырыпты қамтыды.

Конференцияның екінші күні АҚШ-тағы Йель университетінің профессоры Дженнифер Ганди — авторитарлық институттар саласындағы әлемдік деңгейдегі жетекші зерттеушілердің бірі — негізгі баяндамамен сөз сөйледі. Оның лекциясы «Заң шығарушы органдар мен түрлі саяси режимдердегі сайлау процесі» (Legislatures and Elections across Political Regimes) тақырыбына арналды.

Профессор авторитарлық режимдерде де демократиямен дәстүрлі түрде байланысты заң шығарушы органдар мен сайлаулар кеңінен қолданылатынын атап өтті және демократияға жатпайтын елдердегі сайлау үдерісіне қатысты өзекті зерттеулерді шолу түрінде ұсынды. Оның баяндамасында заң шығарушы органдар мен сайлаулар қазіргі билеуші жетекшілердің билігін нығайтуға ықпал ететінін, сондай-ақ саяси бәсекелестікке шектеулі мүмкіндіктер беретінін көрсетті. Әсіресе автократиялық жүйелердегі осы институттарды зерттеу олардың демократиялық жүйелердегі рөлін тереңірек түсінуге және әртүрлі саяси режимдер арасындағы шекараларды қайта қарауға мүмкіндік беретіндігіне ерекше назар аударылды.

«Заң шығарушы органдар мен сайлаулар дәстүрлі түрде демократияның негізгі институттары болып саналады, бірақ олар демократияға жатпайтын режимдерде де кеңінен қолданылады. Қазіргі зерттеулер көрсеткендей, бұл институттар бір жағынан биліктегі жетекшілердің құзыретін нығайтып, екінші жағынан саяси бәсекелестікке шектеулі де болса мүмкіндік береді. Автократияларда осы институттардың қалай жұмыс істейтінін зерттеу демократияларда олардың рөлін жақсырақ түсінуге және саяси режимдер арасындағы айырмашылықтарды тереңірек ұғынуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті профессор Дженнифер Ганди.

Конференцияның үшінші, қорытынды күні келесі тақырыптарға арналған төрт панельдік сессия өткізілді:

  • Бизнес және мемлекеттік басқару – 2 (Business and Governance – 2)
  • Экологиялық мәселелер (Environmental Issues)
  • Қоғамдық пікір және медиа (Public Opinion and Media)
  • Нормалар, әлеуметтік және адами капитал (Norms, Social and Human Capital)

Баяндамашылар институционалдық өзгерістер жағдайында бизнес пен билік арасындағы өзара әрекеттестен бастап, экологиялық мәселелер, медиа кеңістіктің трансформациясы, әлеуметтік нормалар мен адам капиталының тұрақты дамудағы рөлі сияқты кең ауқымды тақырыптарды қамтитын өзекті зерттеулер нәтижелерін ұсынды. Талқылаулар түрлі ғылыми бағыттарды қамтып, саяси экономиканы кешенді түрде зерттеудің маңыздылығын ерекше көрсетті. Қатысушылар биыл Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерге арналған, түпнұсқа бастапқы деректерге негізделген сапалы зерттеулер санының артқанын да атап өтті.

Конференция мазмұнды пікір алмасу, қорытынды пікірлер және болашақ ғылыми ынтымақтастық жоспарларын талқылаумен аяқталды. Қатысушылар дискуссиялардың академиялық деңгейі мен ұсынылған зерттеулердің өзектілігін, сондай-ақ ұйымдастырудың жоғары деңгейін жоғары бағалады. Мұндай ғылыми шаралардың саяси экономика саласындағы салааралық ынтымақтастықты дамытуға және халықаралық байланыстарды нығайтуға қосатын зор үлесі ерекше атап өтілді.

Спасибо за Ваше обращение!

Заявка отправлена.
Мы свяжемся с Вами в ближайшее время.

Обратный звонок