2025 жылы 5 маусымда Almaty Management University (AlmaU) қабырғасында «Қазақстан экономикасының орнықты дамуының драйвері ретіндегі шағын және орта бизнес: өсуге тосқауылдар және институционалдық қолдау жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара AlmaU Экономика және қаржы мектебінің ғылыми-зерттеу қызметі аясында ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстелдің модераторлары ретінде AlmaU Экономика және қаржы мектебінің профессоры Тайкулакова Гульнара Сериковна және қауымдастырылған профессоры Балапанова Эльмира Салимовна сөз сөйледі. Өздерінің пленарлық баяндамаларында олар шағын және орта бизнестің ұлттық экономиканың тірегі ретіндегі маңызын атап өтіп, кәсіпкерлік саласындағы негізгі сын-қатерлер мен даму бағыттарына тоқталды.
Іс-шара бағдарламасы төмендегі екі негізгі мәселе төңірегінде құрылды:
- ШОБ өсіміне кедергілер: институционалдық, қаржылық және құқықтық
- ШОБ-ты институционалдық қолдау: ұлттық және халықаралық тәжірибе
Арман Абенов, «РБК Банк» АҚ-ның ШОБ несиелеу департаментінің директоры, алғашқы мәселеге байланысты «ШОБ-ты қолдауға арналған РБК Банктің қаржылық құралдары: тәжірибе, сын-қатерлер және жаңа тәсілдер» тақырыбында баяндама жасап, ШОБ несиелеудегі негізгі қиындықтар мен перспективаларды атап өтті. Ол қазіргі банктік жүйе бірқатар жүйелі шектеулерге тап болып отырғанын ерекше атап өтті:
«Бүгінде шағын және орта бизнесті несиелеу кезінде біз бірнеше елеулі шектеулерге кезігеміз. Ең алдымен — өтімді кепілдің жетіспеушілігі, қаржылық есептіліктің сапасының төмендігі және шағын клиенттерді талдау жұмысының күрделілігі. Сонымен қатар, реттеушілік қысым артып келеді, салалық тәуекелдер мен кейбір қарыз алушылар арасында қаржылық тәртіптің төмендігі сақталуда. Дегенмен, орнықты шешімдер қалыптасып келеді. Бұл — «Даму» қорының кепілдіктері мен сақтандыру сияқты балама қамтамасыз ету түрлерін дамыту, eGov, Мемлекеттік кірістер комитеті және басқа да дереккөздермен интеграция арқылы сыртқы мәліметтерге қолжетімділікті кеңейту. Біз талдау үдерісін автоматтандыруда, скорингтік модельдерді пайдалануда, сондай-ақ финтех-компаниялармен және банк секторынан тыс ұйымдармен серіктестік орнатуда зор әлеует көріп отырмыз. Мұның барлығы ШОБ-ты несиелеуді қолжетімді, технологиялық және орнықты етуге мүмкіндік береді».
Дөңгелек үстелде ұсынылған ең тәжірибеге бағытталған баяндамалардың бірі салық саясатының кәсіпкерлікті дамытуға әсеріне арналған презентация болды. «Uchet.kz» компаниясының негізін қалаушы Максим Барышев «Салықтық реттеудің шағын және орта бизнесті формализациялау мен дамытуға әсері: практик көзқарасы» атты баяндамасын таныстырды.
Спикер кәсіпкерліктің өсуін тежейтін салықтық кедергілерге назар аударып, алдағы өзгерістердің маңыздылығын атап өтті:
«Кәсіпкерлік дамыған сайын салық жүктемесі де арта түседі: жалданған әрбір қызметкер үшін жалақының 42%-ына дейін қосымша төлем жасауға тура келеді, ал айналымы 78 миллион теңгеден асқан жағдайда ҚҚС тіркеуіне тұру және толық бухгалтерлік есепке көшу міндеттеледі. Егер компанияның жылдық айналымы 1,3 миллиард теңгеден асса — расталған табысы болмаса да, корпоративтік табыс салығын алдын ала, аванс ретінде төлеуі тиіс. Мұның барлығы маржиналдылықты едәуір төмендетіп, өсуді тежейді. Осы тұрғыдан алғанда, 2026 жылға ұсынылған реформа – оң өзгеріс. Жеңілдетілген декларация бойынша шекті мөлшерді 600 мың АЕК-ке дейін көтеру жоспарлануда, бұл бизнестің күрделі салық режиміне өтпей-ақ сегіз есеге дейін өсуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 2020 жылдан бері қолданыста болған бөлшек салықты алып тастау көзделген. Бұл шаралар бизнесті кеңейту үдерісін жеңілдетіп, кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік қысымды азайтады».
Сондай-ақ Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры, «Атамекен» ҰКП Шағын кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бөлімінің басшысы Жанна Ибрагимованың сөз сөйлеуі маңызды сәттердің бірі болды. Ол «Қазақстандағы ШОБ-ты қолдау экожүйесі: “Атамекен” ҰКП-ның институционалдық дамудағы рөлі» атты баяндамасында палатаның бизнес пен мемлекет арасындағы дәнекер ретіндегі маңыздылығын атап өтті:
«Біз банктер сияқты бір-бірімізбен бәсекелеспейміз. Біздің міндетіміз — шағын және орта бизнесті қолдау. Біз ешкіммен бәсекеге түспейміз, өйткені кәсіпкер жағындамыз. Тек соңғы үш айдың ішінде біздің бөлімге алғаш рет жүгінген 365 кәсіпкерден өтініш келіп түсті. Бұл — біздің жұмысымызға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Адамдар көбіне идея іздеп келеді — олар кәсіп бастамақ, бірақ неден бастарын білмейді. Біз оларға бағыт таңдауға көмектесеміз, қолжетімді қаржы көздерін табуға кеңес береміз, алғашқы қадам жасауға кедергі болып отырған ақпараттың жетіспеушілігін толтырамыз».
Талқылаудың екінші маңызды тақырыбы аясында қазақстандық экономист, жазушы және франчайзинг саласының сарапшысы Бекнұр Кисиковтың «Қазақстандағы ШОБ-ты кеңейту құралы ретінде франчайзинг: мүмкіндіктер мен сын-қатерлер» атты презентациясы үлкен қызығушылық тудырды. Ол франчайзингті дамытудың өзекті мәселелерін, кәсіпкерлік аясын кеңейтудегі әлеуетін, сондай-ақ Қазақстан экономикасы жағдайындағы кедергілер мен оларды еңсеру жолдарын қарастырды.
Кездесу студенттер, сарапшылар, кәсіпкерлер мен қолдау институттары өкілдерінің қатысуымен өткен ашық пікірталаспен аяқталды. Пікірталас барысында институционалдық қолдау тетіктерін жетілдіру және елде тұрақты кәсіпкерлік экожүйесін құру бойынша нақты ұсыныстар айтылды.