2025 жылы 1 тамызда AlmaU университетінде қалалық ортаны дамыту мәселелеріне арналған сараптамалық кездесу өтті. Іс-шараның басты оқиғасы – AlmaU Урбанистика институты, ҚазБСҚА жанындағы Қалалық зерттеулер зертханасы және қала құрылысы саласындағы жетекші ғылыми ұйым – «Алматыгенжоспар» ғылыми-зерттеу институтының стратегиялық серіктестігі аясында әзірленген қалалық жоспарлау бойынша жаңа магистрлік бағдарламаның таныстырылымы болды.
AlmaU университетінің бірінші проректоры Тимур Булдыбаев өзінің құттықтау сөзінде университеттің ұйымдық трансформациясы аяқталғанын хабарлады. Бұл өзгерістің маңызды бөлігі – Урбанистика орталығының AlmaU Урбанистика институтына айналуы:
«Биыл университетіміз ұйымдық тұрғыдан маңызды трансформациядан өтті және біз бұл кезеңді сәтті аяқтадық. Урбанистика орталығы енді Урбанистика институты болып құрылды. Біз бұл институт тек білім беру қызметімен ғана шектелмей, консалтинг бағытын да дамытады деп сенеміз. Урбанистика – бұл тек қалалардың келбетін емес, сонымен қатар қала тұрғындарының өмір салтын өзгертетін сала», – деді Тимур Булдыбаев.
Іс-шараның басты сәттерінің бірі – қалалық жоспарлау бойынша магистрлік бағдарламаның ашылуы туралы ресми жариялау болды. Бағдарлама тұрақты әрі жайлы қалалық ортаны дамыту саласында кешенді шешімдерді әзірлеп, іске асыра алатын мамандарды даярлауға бағытталған. Бағдарламаның негізінде академиялық білім, тәжірибеге негізделген әдістер және салалық серіктестермен тығыз ынтымақтастық үйлесім тапқан.
AlmaU Урбанистика институты директорының орынбасары Айнұр Жұбанова жаңа білім беру бағдарламасының маңыздылығын атап өтті:
«Магистратураның басты мақсаты – қалалық жоспарлау мен басқару саласын терең меңгерген білікті мамандарды даярлау. Біз осы салада жинақталған тәжірибе мен практикалық дағдыларды кәсіби тұрғыдан дамуға ұмтылатын мамандарға бергіміз келеді. Бағдарламаның маңызды ерекшеліктерінің бірі – индустриялық серіктестеріміздің базасында жүзеге асырылатын тәжірибеге бағытталған модульдер. Бұл студенттерге оқу басталған алғашқы күндерден бастап нақты жобалар мен тапсырмаларға тікелей араласуға мүмкіндік береді».
ҚазБСҚА Қалалық зерттеулер зертханасының меңгерушісі Чингис Айтжанов екі жоғары оқу орны арасындағы әріптестіктің маңыздылығына тоқталып, жаңа бағдарламаның әлеуетін атап өтті:
«ҚазБСҚА – сәулет және қала құрылысы саласындағы бейінді университет. AlmaU-мен бірлескен магистрлік бағдарламаны іске қосу – бұл қаланы дамытудағы басқарушылық тәсілдер мен қалалық сәулет пен жобалаудың тәжірибеге негізделген әдістерін тиімді ұштастыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам. Мұндай пәнаралық формат кең ауқымды ойлай алатын, қалалық ортаның кеңістіктік қырларымен қатар әлеуметтік-экономикалық аспектілерін де меңгеретін жаңа буын мамандарын даярлауға жол ашады».
«Алматыгенжоспар» ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Раушан Амангелдіқызы бірлескен бастамаға қатысу мүмкіндігі үшін алғысын білдіріп, білім беру саласындағы әріптестіктің маңызын атап өтті:
«Бүгінгі кездесу мен білім беру саласындағы коллаборация идеясы менде шынайы қуаныш пен құрмет сезімін тудырады. Урбанистика, қалалық жоспарлау, құрылыс және дизайн бағыттарындағы білім беру кластері әлі де қалыптасу сатысында тұрғаны және жүйелі дамуды қажет ететіні бәрімізге белгілі. Сондықтан елдегі екі жетекші жоғары оқу орнының бірлескен бағдарламасын іске қосуы – бұл кәсіби ынтымақтастық пен сараптамалық әлеуетті біріктіру жолындағы маңызды қадам әрі үлкен мүмкіндік».
Пікірталас барысында тұрақты қалалық дамудың негізгі бағыттары талқыланды. Қатысушылар Алматы қаласының инфрақұрылымдық жүктемесінен бастап қалалық ортаны жаңғырту перспективаларына дейінгі өзекті мәселелері мен мүмкіндіктерін жан-жақты қарастырды.
Урбанистика, сәулет және қалалық басқару салаларында білікті кадрлардың жетіспеушілігі мәселесіне ерекше назар аударылды. Сарапшылардың пікірінше, бұл – қалалық ортаны жүйелі трансформациялауға кедергі келтіретін басты факторлардың бірі. Тұрақты және ұзақ мерзімді даму үшін кәсіби қауымдастықты қалыптастыру, білім беру бағдарламаларын дамыту және ғылыми-зерттеу бағытын күшейту басым бағыттар ретінде аталды.
Кездесу сәулетшілер, урбанистер, оқытушылар, зерттеушілер, жобалық бюро өкілдері, даму институттары мен қала әкімдіктерінің қызметкерлері үшін кәсіби пікір алмасу алаңына айналды.