4 наурыз күні Halyk шақыруымен AlmaU-дың School of Digital Technologies деканы Қуаныш Әбішев банк қызметкерлеріне машиналық оқыту тақырыбында дәріс өткізді. Спикер өз сөзінде бұл технологияның негізгі тұжырымдамаларын түсіндіріп, оны қазіргі цифрлық ортадағы орны туралы жалпы шолу жасады. Сондай-ақ, машиналық оқыту алгоритмдерінің бизнес пен қаржы секторында қолданылу мысалдары қарастырылды. Лектор үлкен деректерді талдау, шешім қабылдау үдерісін жақсарту және банк қызметтерін автоматтандыру сияқты аспектілерге ерекше тоқталды.
Қуаныш Әбішев машиналық оқыту әдістерінің жасырын заңдылықтарды анықтауға, клиенттердің мінез-құлқын болжауға және ұйымдардың тиімділігін арттыруға қалай көмектесетінін атап өтті.
Halyk қызметкерлері үшін бұл лекция пайдалы білім беру шарасына айналды. Жаңа цифрлық технологиялармен, соның ішінде машиналық оқытумен танысу – қызметкерлердің біліктілігін арттырып, банк саласына инновацияларды енгізуге дайындықтың бір бөлігі. Бұл банк ұжымын цифрлық трансформация трендтерімен таныстыруға және заманауи тәжірибелерді меңгеруге бағытталған қадам екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, Қуаныш Әбішевтің дәрісі білім беру мекемелері мен корпоративтік сектор арасындағы әріптестіктің маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұндай бастамалар университеттер мен бизнес құрылымдарының білім мен тәжірибе алмасуға деген ортақ мүддесін айғақтайды. Halyk өкілдері де алдағы уақытта білім беру ұйымдарымен серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.