Almaty Management University (AlmaU) серіктестік бойынша стратегиялық бағыттарын кеңейтуді жалғастыруда. 2025 жылғы 28 мамырда AlmaU Медиа және кино мектебі мен шығармашылық бағыттағы Sham School мектебі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа Sham School директоры Руслан Мұхтаров пен AlmaU ректоры Гүлнар Куренкеева қол қойды.
Sham School 7-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып, олардың шығармашылық ойлау қабілеті мен креативті дағдыларын дамытуға бағытталған.
«Біздің мектеп — креативті индустриялардың болашақ көшбасшыларының әлеуетін ашатын орта. Біз академиялық білім мен шығармашылықты ұштастыра отырып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген талантты балаларға табысқа жетудің құралдарын ұсынамыз», — Sham School директоры Руслан Мұхтаров.
Меморандум аясында тараптар бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздейді: білім беру бағдарламаларын әзірлеу және енгізу (курстар, шеберлік сыныптар, интенсивтер, воркшоптар), академиялық және кәсіби қауымдастық өкілдерімен дәрістер мен кездесулер өткізу, біліктілікті арттыру бағдарламаларын ұйымдастыру, бірлескен ғылыми зерттеулер мен жарияланымдар, сондай-ақ конференциялар мен форумдарға қатысу. Бұған қоса, тараптар мәдени іс-шаралар мен шығармашылық жобаларға — арт-инсталляциялардан бастап қысқаметражды фильмдер мен медиажобаларға дейін — ерекше көңіл бөлмек.
Қол қою рәсімі аясында AlmaU өкілдері үшін Sham School мектебінің ғимараты бойынша таныстыру туры өткізілді. Олар серіктес мекеменің білім беру кеңістігімен танысты. Заманауи аудиториялар, шабыттандыратын арт-нысандар, түсірілім павильоны, зертханалар мен мектептің жарқын визуалды ортасы үлкен әсер қалдырды.
Салтанатты сәт ретінде AlmaU ректоры Гүлнар Куренкеева Sham School-ға AlmaU түлектерінің жетістіктері туралы мотивациялық әңгімелер жинағынан тұратын «Jūrttyñ balasy» атты екінші кітапты табыстады. Бұл сый жас ұрпаққа университетте білім алудың мүмкіндіктерін таныстыратын және мақсатқа ұмтылу, өзін-өзі дамыту мен тұлғалық өсу маңыздылығын еске салатын символикалық тарту болды.
AlmaU мен Sham School арасындағы әріптестік медиа мен өнер саласындағы мектеп пен жоғары білімнің интеграциялануына ықпал етіп, жаңа буын креативті көшбасшыларын даярлау мақсатында академиялық байланысты нығайтуды көздейді.