Малайзиядағы Қазақстан Республикасының Елшілігіне жасалған сапар аясында AlmaU университетінің президенті, әрі негізін қалаушы Асылбек Қожахметов Малайзиядағы Қазақстан Республикасының Елшісі Булат Сүгірбаевпен кездесті.
Кездесуге Елшіліктің бірінші хатшысы Амир Алдажанов және AlmaU Халықаралық ынтымақтастық басқармасы директорының орынбасары Ақбөпе Аусадык қатысты.
Кездесу барысында тараптар жоғары білім беру және ғылыми зерттеулер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ Қазақстан мен Малайзия университеттері арасындағы серіктестік байланыстарды кеңейту перспективаларын талқылады. Академиялық ұтқырлық, бірлескен білім беру бағдарламалары және басқару біліміндегі практикаға бағытталған бастамаларға ерекше назар аударылды.

AlmaU Президенті университеттің дамуындағы негізгі бағыттарды таныстырып, оны басқарушылық кадрларды даярлау және MBA бағдарламаларын іске асыру саласындағы жетекші орталықтардың бірі ретінде атап өтті. Сондай-ақ, AlmaU-дың халықаралық академиялық әріптестікті нығайтуға және Малайзияның жетекші білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екені айтылды.
Асылбек Қожахметов AlmaU университетінің халықаралық білім беру бастамаларына және жаһандық академиялық күн тәртібіне белсенді қатысып отырғанын атап өтті. Атап айтқанда, оның 2026 жылдың 12-14 қаңтар аралығында Куала-Лумпур қаласында өтетін IAUP Asia Pacific Regional Conference халықаралық конференциясында спикер ретінде қатысатыны туралы хабарланды.
Сонымен қатар, келесі IAUP аймақтық конференциясының AlmaU базасында өтетіні белгілі болды. 2026 жылдың 11-13 маусым аралығында Алматы қаласында өтетін бұл конференция AlmaU үшін маңызды халықаралық іс-шара болып, университеттің жаһандық академиялық диалогты дамытудағы рөлін айқындай түседі.