Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығы Almaty Management University-дің (AlmaU) тұрақты даму саласындағы ірі халықаралық бастама болып саналатын БҰҰ-ның жаһандық шартына (UN Global Compact) кіруге өтінімін мақұлдады.
БҰҰ-ның Жаһандық шарты адам құқығы, еңбек шарты, қоршаған ортаны қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет саласындағы әмбебап қағидаттарды сақтауға шынайы берілген әлемнің 167 елінен 24 мыңнан астам компания мен ұйымды біріктіреді. AlmaU жауапты іс-әрекет қағидаттарына және Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) іске асыруға деген ұмтылысын растап, осы жаһандық желінің ресми қатысушысы атанды.
2021 жылдан бастап университет білім беру саласындағы тұрақты даму мәселесін белсенді түрде қолдайды және БҰҰ Жаһандық шартының экожүйесінің бөлігі болып саналатын UN PRME (Principles for Responsible Management Education) бастамасының Еуразиялық бөлігін құрудың бастамашысы болды. UN Global Compact-ке тікелей кіру AlmaU үшін халықаралық ынтымақтастық, бизнес-қоғамдастықпен диалог, бірлескен бастамалар мен тұрақтылыққа бағытталған білім беру бағдарламаларын іске асыру саласында жаңа мүмкіндіктер ашады.
БҰҰ Жаһандық шартына қатысушы мәртебесі AlmaU-ға өзінің халықаралық рөлін күшейтіп қана қоймай, Орталық Азиядағы орнықты даму қағидаттарын ілгерілетуге елеулі үлес қосуға мүмкіндік береді. Университет ESG және білім беруді трансформациялау саласындағы көшбасшы ретінде өз позициясын нығайтуды жалғастырып келеді.