Created by potrace 1.15, written by Peter Selinger 2001-2017 A A A

AlmaU Talks: Болашақ туралы ашық диалог

15.08.2025

2025 жылдың 15 тамызында Almaty Management University (AlmaU) қабырғасында «AlmaU Talks» атты кездесу өтті. Бұл шараға талапкерлер мен олардың ата-аналары қатысты. AlmaU бұл кездесуді ұйымдастыра отырып, болашақ студенттердің оқу жылы басталмай тұрып университеттің атмосферасын сезінуіне, құндылықтарымен танысуына және алда күтіп тұрған мүмкіндіктер жайлы білуіне жағдай жасады.

Дидар Марданов, коммуникациялар және студенттерді дамыту жөніндегі проректор, университет қауымдастығын қалыптастыру, коммуникацияның маңызы, студенттік өмірдің мазмұндылығы мен өзін-өзі дамыту мүмкіндіктері жайында сөз қозғады:


«Біз студенттердің уақытын пайдалы және қызықты өткізуін қалаймыз: жобаларға қатысуын, жаңа студенттік клубтар құруын, батыл идеяларды жүзеге асыруын қолдаймыз. AlmaU түлегі – тек академиялық біліммен ғана емес, сонымен қатар қарым-қатынас, ұйымдастырушылық, көшбасшылық және креативті ойлау дағдыларымен ерекшеленетін жан-жақты тұлға. Мұның бәрі олардың бәсекелестік артықшылығын қалыптастырып, табысты мансап құруға көмектеседі», – деп атап өтті ол.

Әсел Арын, академиялық даму жөніндегі проректор, заманауи оқыту әдістері, пәнаралық бағдарламалар, академиялық адалдық қағидаттары мен бағалау жүйесі туралы баяндады:


«Біз түлектеріміз әлемнің кез келген жерінде бәсекеге қабілетті болуы үшін инновациялық оқыту тәсілдерін енгізіп жатырмыз. AlmaU-да білім жоғары бағаланады, сондықтан біз әрқашан студенттерге оқу процесінде бағыт-бағдар беруге дайынбыз. Сонымен қатар біз студенттерімізді өз бетінше ізденетін, бастамашыл, жаңа нәрселерден қорықпайтын және өз ойын еркін жеткізе алатын тұлға ретінде көргіміз келеді», – деді ол.

Алия Ақпаева, Халықаралық ынтымақтастық басқармасының директоры, және Ақбөпе Аусадық, академиялық мобильділік бөлімінің жетекшісі, халықаралық алмасу бағдарламалары, серіктес университеттер және шетелде оқып келген студенттердің тәжірибелерімен бөлісті:
«AlmaU студенттеріне шетелдік университеттерде оқу мүмкіндігі ұсынылады. Біз оларға ең тиімді бағдарламаны таңдауға, басқа елде білім алуға дайындалуға және іріктеу кезеңдерінен сәтті өтуге көмектесеміз», – деп атап өтті олар.

Іс – шарада болашақ студенттер қызығушылықтарын таңытып қабылдау ережелері, оқу бағдарламалары мен жатақханаға қатысты көптеген сұрақтар қойды. Ата-аналарды білім сапасы, түлектердің жұмысқа орналасу перспективалары және университеттің серіктестік байланыстары қызықтырды. Бұл кездесу барлығы үшін құнды тәжірибе болды: әр адам университет басшылығымен тікелей сөйлесіп, толыққанды жауаптар алды және AlmaU-дың әр студентке қамқорлықпен қарайтынына көз жеткізді.

Шара соңында спикерлер талапкерлерге білім жолында сенімділік, батылдық және шабыт тілеп, AlmaU-дағы жаңа бастамаларына сәттілік тіледі. Ең қызықты сұрақ қойған талапкерлерге AlmaU-дың мотивациялық «Jūrttyñ balasy» кітабы сыйға тартылып, болашақта елге үлгі болар азамат болуға шақыратын жылы лебіздер айтылды.

Спасибо за Ваше обращение!

Заявка отправлена.
Мы свяжемся с Вами в ближайшее время.

Обратный звонок