2025 жылы 16 маусым мен 12 шілде аралығында Almaty Management University (AlmaU) қабырғасында Yessenov Data Lab деректер аналитикасы бойынша алтыншы жазғы мектеп өтті. Бұл оқу бағдарламасы жыл сайын Shakhmardan Yessenov Foundation қорымен бірлесе отырып ұйымдастырылады. Биыл бағдарламаға 15 жас маман қатысып, жалпы алты жылдың ішінде бұл мектептің түлектерінің саны 115-ке жетті.
Бағдарлама бір айға созылды және екі кезеңге бөлінді: алғашқы екі апта – онлайн, кейінгі екі апта – AlmaU базасында офлайн форматта өтті. Қатысушылар машиналық оқыту, Python бағдарламалау, чат-боттар және тілдік модельдермен жұмыс, компьютерлік көру, нейрондық желілер сынды заманауи құралдарды меңгерді. Биылғы жылдың басты ерекшелігі – жасанды интеллект технологияларына ерекше назар аударылғаны болды.
Оқу барысында қатысушылар IT және ғылым саласындағы жетекші мамандардан дәрістер мен кеңестер алды. Спикерлер қатарында:
- Куаныш Абешев – AlmaU-дың School of Digital Technologies мектебінің деканы, математика ғылымдарының докторы;
- Тимур Бакибаев – информатика ғылымдарының PhD докторы, цифрлық трансформация жөніндегі директоры, Нархоз;
- Владислав Ющенко – Meta компаниясының Лондон кеңсесінің аға инженері;
- Никита Саксена – Google DeepMind компаниясының зерттеуші-инженері.
Бағдарламаның соңында қатысушыларға курсты сәтті аяқтағанын растайтын сертификаттар табысталды. Салтанатты жабылу рәсімінде AlmaU мен қор өкілдері құттықтау және ақ жол тілеген сөздер айтты.
AlmaU академиялық даму жөніндегі проректоры Асель Арын сөз сөйледі:
«Бұл мектеп барысында сіздер құнды білім мен тәжірибе ғана емес, мықты әрі ынталы қауымдастықтың мүшесі болдыңыздар. Осы бір айда кәсіби ортаңыз сапалы түрде кеңейді. Жаңа таныстықтар — болашақ серіктестеріңіз, идеяластарыңыз. Бұл байланыстар сіздің мансаптық жолыңызда маңызды рөл атқаруы мүмкін».
Yessenov Foundation негізін қалаушы Галимжан Есенов та қатысушыларға ізгі тілегін білдірді:
«Бұл бағдарлама оңай болған жоқ – күрделі тапсырмалар, мықты құралдар. Бірақ шынайы тәжірибе дәл осындай қиындықтар арқылы келеді. AlmaU-ға әріптестігі үшін алғыс айтамын. Бұл мектеп сіздерге жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, алған білімдеріңіз өмір жолында бағыт берсін»
Сондай-ақ, Куаныш Абешев, School of Digital Technologies деканы:
«Бұл бастамаға қатысу – өз болашағыңызға салынған инвестиция. Қиын сәттер болды, бірақ сіздер оны еңсердіңіздер. Ең бастысы — жалғыз емес, бірге өттіңіздер».
Осылайша, қатысушылар теориядан практикаға дейінгі жолдан өтіп, жетекші мамандармен жұмыс істеп, пікірлес орта тапты. Алтыншы Yessenov Data Lab жазғы мектебі аяқталды, бірақ түлектер үшін бәрі енді ғана басталады. Алда — жаңа жобалар, жаңа мүмкіндіктер және білім мен қауымдастықтың қолдауы.