
10 сәуірде AlmaU Урбанистика институтында сәулет, қала құрылысы, құрылыс және жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметшілерді даярлау және қайта даярлаудың қарқынды бағдарламасының бірінші тобының қатысушыларына сертификаттарды салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Бағдарлама Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың хаттамалық тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда.

Оқытуды Қазақстан Республикасының 6 өңірінен келген 26 қатысушы сәтті аяқтады. Бір апта бойы мемлекеттік қызметшілер «Қалалық дамуды басқару: урбанистикадағы дәлелді тәсіл және жобалық әдістер» бағдарламасынан өтіп, қалалық басқару мен аумақтық жоспарлау саласындағы заманауи кәсіби құзыреттерді дамытуға бағытталған білім алды.
Бағдарламаға қала дамуы саласындағы 10 спикер – сарапшылар мен тәжірибешілер қатысып, заманауи тәсілдер мен халықаралық тәжірибені ұсынды.
Бағдарлама аясында дәрістер, практикалық кейстерді талдау және Алматы қаласының Еңбек мобильдігі орталығы мен Алматы қаласының Транспорт холдингіне (ONAY!) көшпелі сабақтар өткізілді. Қатысушылар қалалық инфрақұрылымды талдау, көлік жоспарлау және тұрғындармен өзара әрекеттесу құралдарымен танысты.

Сертификаттарды AlmaU-дың ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректоры Құдайбергенова Рената Еркінқызы табыстап, бағдарламаны аяқтаған түлектерді құттықтап, қалалық ортаны дамыту бойынша шешім қабылдайтын мамандардың біліктілігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.