Almaty Management University-де 2024 жылға арналған Қазақстан консалтинг нарығы бойынша ұлттық зерттеу нәтижелері талқыланды. Зерттеу Орталық Азия Кеңесшілер палатасы, Grant Thornton Kazakhstan компаниясы, «Учет.кз» тобы, Еуразиялық Отбасылық Бизнес Федерациясы және бірқатар салалық сарапшылармен бірлесіп жүргізілді.

Зерттеу тобының жетекшісі – AlmaU Кәсіпкерлік және инновациялар институтының қауымдастырылған профессоры Татьяна Солдатенко.
Зерттеу қорытындысы бойынша консалтингтік қызметтер нарығының жалпы көлемі жеке кәсіпкерлер мен фрилансерлерді қоспағанда 1,416 млрд АҚШ долларын құрады. Оларды қоса есептегенде нарықтың әлеуетті көлемі 1,84 млрд АҚШ долларына жетіп, 2019 жылмен салыстырғанда 6,3 есеге артқанын көрсетті.
«Бүгінде Қазақстандағы консалтинг тек қызмет түрі емес, экономикалық дамудың инфрақұрылымдық элементіне айналып келеді. Біз цифрландырудың жеделдеуі, стратегиялық және технологиялық консалтингке сұраныстың артуы мен кәсіби қауымдастықтың жаңа деңгейде қалыптасуын бақылап отырмыз», – деді Татьяна Солдатенко.

Зерттеудің негізгі нәтижелері:
-
Нарықтың орташа жылдық өсімі 2024 жылы 23%-ды құрап, өткен жылғы 12%-дан жоғары болды;
-
Ең қарқынды дамып жатқан сегменттер – ірі және орта компаниялар (өсім – 38%);
-
Консалтинг түрлері бойынша көшбасшы IT-сегмент болды, ол HR, стратегиялық және қаржылық консалтингті басып озды;
-
Қазақстанның өсім қарқыны әлемдік деңгейден озық (Global Research, 2024 деректері бойынша әлемдік орташа өсім – 5%);
-
Нарық дамуының негізгі драйверлері – цифрландыру және AI шешімдерін енгізу, әсіресе GovTech, CRM/ERP және B2G жобаларында;
-
Негізгі өсім факторлары ретінде респонденттер кеңесшілердің біліктілігін арттыруды (26%) және кәсіби консалтингке сенімнің артуын (18%) атады.
Зерттеу мәліметтері бойынша, алдағы үш жылда компаниялардың 60%-дан астамы консалтингтік қызметтерді көбірек пайдалануды жоспарлап отыр. Ең сұранысқа ие бағыттар – маркетинг (28%), IT-консалтинг (16%), сондай-ақ заңдық және стратегиялық консалтинг (әрқайсысы 16%).
Негізгі қиындықтар:
-
Білікті мамандардың тапшылығы (28%);
-
Қызметтердің құны мен құндылығын бағалаудағы күрделілік (34%);
-
Нарықтың институционалдық дамуының төмен деңгейі (20%).
«Консалтинг –- бизнестің тиімділігін арттыру мен тәуекелдерді басқарудың негізгі құралына айналуда. Бүгінгі күні компаниялар сыртқы шешімдерді ғана емес, өздерінің өсу стратегиясына ықпалдаса алатын серіктестерді іздейді», – деп атап өтті Grant Thornton Kazakhstan компаниясының серіктесі Игорь Угай.

Осылайша, Қазақстандағы консалтинг нарығы тұрақты дамып келеді және бұл түрлі салалардағы мамандар мен компаниялар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Сала өзекті сын-қатерлерге бейімделіп, мамандардың біліктілігін арттыру мен цифрлық технологияларды енгізуді жалғастыруы маңызды. Алдағы жылдары консалтингтік қызметтерге сұраныс одан әрі артып, ел экономикасы мен бизнесі үшін жаңа перспективалар қалыптастырмақ.