Created by potrace 1.15, written by Peter Selinger 2001-2017 A A A

Көкшетауда «Шоқан Уәлиханов: зерттеуші, ағартушы, дәуір тұлғасы» атты Халықаралық ғылыми форум өтті.

20.10.2025

2025 жылы 17 – 18  қазан аралығында Көкшетау қаласында көрнекті қазақ ғалымы әрі ағартушысы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдық мерейтойына арналған «Шоқан Уәлиханов: зерттеуші, ағартушы, дәуір тұлғасы» атты Халықаралық ғылыми форум өтті.

Форумның ұйымдастырушылары – Almaty Management University (AlmaU), Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы және Ualikhanov University. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Qazaq Geography, Turan TV, сондай-ақ Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері қолдау көрсетті.

Шоқан Уәлихановқа арналған форум түрлі буынның ғалымдарын, педагогтары мен зерттеушілерін біріктірген маңызды іс-шара болды. Форумның басты мақсаты – еуропалық академиялық ортада мойындалған тұңғыш отандық ғалым, ұлы қазақ ойшылының феноменін терең түсіну, оның идеяларының қазіргі замандағы өзектілігін айқындау және Ш.Уәлихановтың ұлттық әрі әлемдік ғылымның дамуына қосқан үлесін талқылау.

Форум барысында Ш.Уәлихановтың ғылыми және философиялық мұрасын қазіргі заман сын-тегеуріндері аясында – ұлттық бірегейлікті қайта пайымдау, ғылымның қоғамдағы рөлін және адамзаттық құндылықтарды айқындау тұрғысынан зерделеуге ерекше назар аударылды.

AlmaU университетінің негізін қалаушы және ректоры Асылбек Қожахметов өз құттықтау сөзінде атап өтті:

«Бүгін біз осында ұлы ағартушы Шоқан Уәлихановтың еңбектері мен өмір жолын еске алу үшін жиналдық. Қазіргі таңда Қазақстан адами капитал мен инновациялық экономиканы дамытуға басымдық беріп отырған кезеңде, Шоқан Уәлихановтың мұрасына қайта үңілу – жай еске алу емес, жаңа гуманитарлық парадигманы қалыптастыру жолындағы саналы қадам. Оның ғылым мен халыққа адал қызметінің айқын көрінісі – Шоқанның Шығыс пен Батыстың білімін ұштастыра отырып, Орталық Азияның тарихы мен мәдениетін жаңаша зерттеген еңбектері. Оның этнографиялық және географиялық зерттеулері – біз үшін баға жетпес мұра. AlmaU үшін бұл форумның тең ұйымдастырушысы болу – ерекше мәнге ие. Біз мұндай бастамалар ғылым, білім және мәдениет арасындағы байланысты нығайтып, жаңа буынды ізденіс пен жаңалыққа шабыттандырады деп сенеміз».

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Сырлыбаев қатысушыларға арнаған сөзінде атап өтті:

«Бұл форум – ұлттық рухты жаңғыртып, ғылым мен білімнің сабақтастығын нығайтатын маңызды алаң. Шоқан Уалиханов – өз халқының тарихы мен мәдениетін терең зерттеп, әлемге қазақ елін танытқан ұлы тұлға. Оның ғылыми мұрасы – бүгінгі ұрпақ үшін сарқылмас рухани қазына және шынайы отансүйгіштіктің үлгісі».

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясының Ғылымның пәнаралық орталығының директоры Қуантар Алиханов та форумның маңыздылығы жөніндегі өз көзқарасымен бөлісті:

«Осы форум – тарих, этнография, археология, мәдениеттану және гуманитарлық ғылымдардың тоғысқан маңызды алаңы. Ол отандық және шетелдік ғалымдардың тәжірибе алмасуына, Шоқан Уәлихановтың бай ғылыми мұрасын заманауи зерттеу контекстінде жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді. Форумның мазмұны жас буынды ғылымға тарту, зерттеу мәдениетін қалыптастыру және ұлттық ғылыми мектептің сабақтастығын нығайту ісінде ерекше рөл атқарады».

Форум тек қазақстандық емес, сонымен қатар шетелдік ғалымдарды да біріктірді.
Қатысушыларға бейнеқұттықтауын Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, Италияның Болонья ғылым академиясының мүше-корреспонденті, Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер Оразақ Исмағұлов жолдады.

Форумның бірінші күнгі бағдарламасына пленарлық және панельдік сессиялар, кітаптың тұсаукесері мен деректі фильмнің премьерасы енді.

Пленарлық сессия форумның ғылыми деңгейін айқындап, жоғары қарқын берді. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Испания ғалымдары қатысты.

  • Сембі Марат, Қазақстанның белгілі қоғам қайраткері, тарихшы
  • Турдалиева Чолпан, тарих ғылымдарының докторы, PhD, Орта Азиядағы Америка университетінің профессоры, Қазақстанның Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі
  • Көлбаева Мээрим, Қырғыз Республикасының Ұлттық ғылым академиясы Ш. Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының «Манас», фольклор және ақындық поэзия бөлімінің меңгерушісі
  • Никулин Алексей, Ресейдің География қоғамының толық мүшесі, Ресей Журналистер одағының мүшесі
  • Ермекбай Жарас, тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры.
  • Өтениязов Самат, тарих ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Мадрид университетінің профессоры
  • Мазбаев Орденбек, география ғылымдарының докторы, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас ғылыми қызметкері.

Олардың баяндамалары Шоқан Уәлихановтың этнографияның, таным философиясының және мәдениетаралық диалогтың дамуына қосқан үлесіне арналды.

Ерекше қызығушылық тудырған сәттердің бірі – Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстанның Ұлттық географиялық қоғамының мүшесі Исмаилжан Иминовтың «Алты қала өлкесінде» атты кітабының таныстырылымы болды. Сондай-ақ форум аясында AlmaU және Turan TV бірлесіп түсірген «Шоқан Уәлихановтың ізімен» атты деректі фильмнің премьерасы өтті. Фильм тарихи дәлдігімен, эмоциялық әсерлілігімен және заманауи визуалды тілімен көрермендердің жоғары қызығушылығын тудырды.

Күннің екінші жартысында өткен панельдік сессияларда XIX ғасырдағы ғылыми таным көкжиектері, этнография мен түркологияның дамуы, сондай-ақ қазіргі пәнаралық тәсілдер талқыланды. Жас зерттеушілер Шоқан Уәлихановтың идеяларын өз көзқарастарымен түсіндіріп, олардың XXI ғасырдағы өзектілігін дәлелдеді.

Форумның екінші күні мазмұнды мәдени-ағартушылық бағдарламаға арналды.
18 қазан күні қатысушылар Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына барып, өңірдің бай тарихи мұрасымен танысты. Бағдарлама аясында әйгілі ғалым Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғанымның резиденциясына және «Ботай» тарихи-мәдени музей-қорығына экскурсия ұйымдастырылды. Сонымен қатар қонақтар «Зейнеп» жоғары көпсалалы колледжіне барып, оқу орнының білім беру бастамаларымен танысып, жергілікті өлкетанушылар мен педагогтармен кездесті.

Бұл сапар қатысушыларға ұлы қазақ ғалымы өмір сүрген дәуірдің мәдени контексін сезінуге және тарихи мұраға жақыннан үңілуге мүмкіндік берді.

«Шоқан Уәлиханов: зерттеуші, ағартушы, дәуір тұлғасы» атты Халықаралық форум Қазақстанның ғылыми және мәдени өміріндегі маңызды оқиға болды. Қатысушылар ұлы қазақ ғалымының мұрасы бүгінгі күнге дейін шабыт пен зияткерлік бағдардың қайнар көзі болып отырғанын атап өтті.

Форум тарихи және гуманитарлық білімнің қазіргі білім беру үдерісіне ықпалдасуының маңыздылығын айқын көрсетті. Осы тұрғыда пәнаралық зерттеулерді дамыту мен ғылыми мұраны танымал етуге бағытталған университеттік бастамаларға ерекше назар аударылды. Форумның серіктесі әрі тең ұйымдастырушысы ретінде AlmaU оның жүзеге асуына елеулі үлес қосты – сараптамалық қатысудан бастап, Шоқан Уәлихановтың тұлғасын жаңаша қырынан танытқан деректі фильм секілді медиажобаларға дейін.

Форум қорытындылары Қазақстан, Орталық Азия және Еуропа жоғары оқу орындарының академиялық ынтымақтастығының маңызын көрсетті. Бұл іс-шара зерттеушілердің бірнеше буынын біріктіріп, ғылым, мәдениет және білім арасындағы диалогты нығайтқан алаңға айналды – осылайша, Шоқан Уәлихановтың өзі ұстанған ағартушылық миссиясын жалғастырды.

Спасибо за Ваше обращение!

Заявка отправлена.
Мы свяжемся с Вами в ближайшее время.

Обратный звонок