Created by potrace 1.15, written by Peter Selinger 2001-2017 A A A

«Алаш қайраткерлерінің озық идеялары» ағылшын тіліне аударылмақ

Алматы Менеджмент Университетінде «Алаш қайраткерлерінің озық идеялары» атты ғылыми жинақтың тұсаукесері өтті. Жинақ университеттің 35 жылдығына орай шығарылып отыр.

Еңбек 3 бөлімнен, 22 ғалымның зерттеу жұмысынан тұрады. М.Жүсіпов, Т.Жұртбай, Д.Ысқақұлы, Д.Алкебаева, Ғ.Байтилеуева, О.Жұбай, С.Жүсіп, А.Салқынбай және тағы да басқа авторлардың зерттеуін кездестіруге болады.

Жинақтың негізгі мақсаты Алаш қайраткерлерінің озық идеяларын алыс-жақын шетелдерге де танытып, өміршең қазынаға айналдыру.  Еңбекте Алаш зиялылырының оқу, ағарту, білім, тәрбие және мәдениет мәселелері бойынша қалдырған мұраларын шетел ғалымдарының туындыларымен салыстыра отырып талданған ғылыми мақалалар топтастырылды.

«Университет – Алаш азаматтарын тәрбиелейтін жер. Ал Алаштың арыстары үнемі халықтың сауатын ашуға тырысқаны ақиқат. Сол себепті бүгін жүрегі қазақ деп соғатын әр азаматтан сүйінші сұраймын!

Біз AlmaU-дың 35 жылдық мерейтойына арнап «Алаш қайраткерлерінің озық идеялары» атты ғылыми жинақты дайындадық!

Алаш идеясы – ХХ ғасыр басындағы қазақтың ұлттық-мемлекеттік идеясы, жаңашылдық пен жасампаздықтың көшбасшысы болды. Ал­аш мүдде­сі мен идея­сы­на адалдық – қашан да Қазақ­стан­ның саяси, рухани өр­кендеуі мен өріс­теуінің барометрі бо­лып қал­мақ.

Алашорданың дүниеге келген күнімен Алматы Менеджмент Университетінің туған күнінің сәйкес келуі бізге үлкен міндеттер жүктейді. Сондықтан да біз Алаш қайраткерлері мен олардың ұлы істерін зерттеп, насихаттауды ары қарай жалғастырмақпыз. Ағылшын тіліне аударып бүкіл әлемге таратпақпыз. Осылайша дүниежүзінің Алашты тануына әсер етпекпіз»,деп атап өтті Almaty Management University президенті Асылбек Қожахметов.

Ұйымдастыру комитетінің мүшесі, филология ғылымдарының докторы Меңдігүл Шыңдалиева жобаға еліміздің 5 қаласынан 10 жоғары оқу орнының авторлары қатысқанын айтты: «Алашордалықтардың төл еңбектерін оқып отырып, олардың Ежелгі Рим, Грекия, Үндістан мен Қытай ойшылдарының еңбектерімен етене таныс болғанын, сол ұлылардың даналықтарына қанық болғанына көз жеткізуге болады. Біздің байқағанымыз, «Алаш идеясы», алашордалықтардың құндылықтары Махатма Ганди, Мартин Лютер Кинг, Мұстафа Кемал Өзтүріктің күрес жолындағы үндеулермен, олардың ұстанымдарымен ұштасып, әлемдегі саяси оқиғаларға әсер еткен күш-жігерге айналды».

 

Спасибо за Ваше обращение!

Заявка отправлена.
Мы свяжемся с Вами в ближайшее время.

Обратный звонок