2024 жылдың 13 қарашасында Almaty Management University (AlmaU) ҚР ҒЖБМ ЖБДҰО «Мамандығым – Болашағым» жобалық кеңсесімен бірлесіп «Алматының болашағы: жаңа кәсіптерді білім беру бағдарламаларына интеграциялау» тақырыбында семинар өткізді, оның шеңберінде «Алматы қаласының Жаңа кәсіптері мен құзыреттерінің атласы» таныстырылды.
Алматы қаласы білім басқармасының тапсырысы бойынша бұл зерттеуді AlmaU университеті жүргізді.
Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы – Алматы қаласының басым салаларына; қала индустриясындағы трендтерге; сондай-ақ креативті индустриялар, қызмет көрсету индустриясы, білім беру, IT, көлік және логистика сияқты 6 негізгі саладағы жаңа кәсіптер мен құзыреттерге егжей-тегжейлі шолу ұсынылған Алматы қаласы үшін бірінші атлас.
Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы бойынша негізгі зерттеу жұмысын AlmaU университетінің Кәсіпкерлік және инновациялар мектебінің бөлігі болып табылатын Креативті индустриялар орталығы жүргізді.
Бұл ретте, AlmaU ректоры Гүлнар Куренкееваның айтуынша, Алматы қаласының Жаңа кәсіптері мен құзыреттерінің атласын құру ҚР Ғылым және жоғары білім Министрлігі, Алматы қаласы білім басқармасы, Жоғары білім беруді дамытудың ұлттық орталығы, ҚР ҒЖБМ ЖБДҰО «Мамандығым – Болашағым» жобалық кеңсесі сияқты көптеген стейкхолдерлердің, сондай-ақ кәсіби ұжымдардың, колледждердің, университеттердің және салалық сарапшылардың үйлесімді жұмысының нәтижесі болды.
«Бәрінен бұрын, жылына мыңнан астам түлек бітіретін университет бола отырып, біз, әсіресе, 3-5 жылдан кейін нарықтың қандай болатынын көру қажеттілігін сезінеміз. Атласты құру барысында жоба тобы қоғамның, білім беру қауымдастығының, жетекші сала сарапшыларының, жұмыс берушілердің және бизнес қауымдастығының пікірлерін ескеру үшін бірқатар зерттеулер жүргізді. 1500-ден астам респондентті қамтитын 3 әлеуметтанулық зерттеу, 30 терең сұхбат, 400-ден астам қатысушының қатысуымен 6 форсайт сессия өткізілді. Үлкен жұмыс атқарылды, оның нәтижелерін біз бүгін нарықпен және жұртшылықпен қуана бөлісеміз», – деп атап өтті Гүлнар Куренкеева.
Өз кезегінде, ҚР ҒЖБМ ЖБДҰО жобалық кеңсесінің басшысы Олжас Сәкенов университет пен зерттеу тобына сапалы атқарылған жұмыс үшін алғысын білдіріп, Алматы қаласының білім беру ортасы үшін атластың маңыздылығын атап өтті: «Бұл іс-шара – бұдан әрі жалғасуы тиіс үлкен атқарылған жұмыстың нәтижесі. Бірақ әрі қарай қолданбалы сипатта болуы тиіс, өйткені бұл зерттеу міндетті түрде практикалық қолданыс табуы керек».
Оның айтуынша, атлас еңбек ресурстарына деген қажеттілікті болжап қана қоймай, жұмыс күшінің легін талдауға мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, бизнес-қоғамдастық пен білім беру ұйымдарына өз бағдарламаларын жаңа экономиканың талаптарына бейімдеуге көмектеседі. Жаңа білім беру бағдарламаларын ашу еңбек нарығындағы үрдістерді терең түсіну арқылы жүзеге асырылуы мүмкін, бұл қаланың кадрлық әлеуетін неғұрлым тиімді дамытуды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар Алматы қаласы білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру басшысы Ерік Абишаевтың айтуынша, Алматы бәсекеге қабілетті экономикасы бар халықаралық деңгейдегі жайлы және қауіпсіз қала болуға ұмтылады. Берілген курсты жүзеге асыру үшін мегаполистің бизнес-секторы қазірдің өзінде үлкен деректер, машиналық оқыту, бұлттық есептеу және жасанды интеллект сияқты технологияларды енгізіп жатыр, бұл қаланың осы салалардағы білікті мамандарға деген қажеттілігін күшейтеді. Өзекті дағдылар мен құзыреттіліктерге өсіп келе жатқан сұраныс бойынша кадрларды алдын ала дайындау үшін болашақ мамандықтарды болжау жүйесін дамыту маңызды. Бұл қажеттілік тек бизнесте ғана емес, сонымен қатар жастарда да бар, олар үшін нарық конъюнктурасының және еңбек нарығы ландшафтысының жедел өзгеруі аясында болашақ мамандықты таңдауда қателеспеу маңызды.
Іс-шара барысында Алматы қаласының Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласын таныстырудан басқа «Алматының қажеттіліктері мен трендтері: атластан білім беру бағдарламаларын әзірлеуге дейін» панельдік сессиясы өтті, оған қатысушылар қаланың жоғары оқу орындары мен колледждерінің білім беру бағдарламаларына жаңа кәсіптер мен дағдыларды интеграциялау мүмкіндіктерін талқылады.