«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2025 жылғы білім беру бағдарламаларының рейтингін жариялады, оған сәйкес Almaty Management University бірқатар дайындық бағыттары бойынша көшбасшылар қатарына кірді.
Бұл рейтинг негізгі мүдделі тараптарды – талапкерлерді, ата-аналарды, жұмыс берушілерді және білім беру ұйымдарын – пайдалы және объективті ақпаратпен қамтамасыз етуге бағытталған.
Тәуелсіз бағалау 95 ЖОО-ның бакалавриат деңгейіндегі 2051 білім беру бағдарламасын қамтыды және өлшемшарттардың төрт блогы бойынша жүргізілді. Олардың ішінде –түлектердің мансаптық перспективалары (49%), білім беру бағдарламаларының сапасы (24%), студенттердің жетістіктері (16%), жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жалпы көрсеткіштері (11%). Бағалау жүргізу үшін еліміздің барлық өңірлерінен 100-ден астам сарапшылар-түрлі салалардың өкілдері жұмылдырылды.
Рейтингіге сәйкес, Almaty Management University жеке жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары арасында жұмысқа орналасу деңгейі бойынша 10-орынға ие болды. Орта есеппен университет түлектерінің 83%-ы мамандық бойынша жұмыс табады. Бұл AlmaU білім беру бағдарламалары даярлайтын мамандардың еңбек нарығындағы сұранысын көрсетеді.
«Атамекен» ҰКП деректері бойынша AlmaU «Мейрамхана ісі және қонақүй бизнесі» бағыты бойынша еліміздегі үздік кадрларды дайындайды. Тәуелсіз бағалау нәтижелері бойынша, аталған білім беру бағдарламасы қонақжайлылық индустриясында халықаралық деңгейдегі кәсіпорындарды басқаруға, нарықтық трендтерді талдауға және өз бизнестерін құруға қабілетті мамандар даярлауды жүзеге асыру арқылы бірінші орын алады. AlmaU Қонақжайлылық және туризм мектебінде жоғары білікті мамандарды даярлау тәжірибеге бағдарланған тәсілмен ерекшеленеді. Осының арқасында студенттер Қазақстандағы мейрамхана бизнесі және халықаралық қонақүй желілері көшбасшыларының жұмысының үздік стандарттары мен мысалдарына негізделген тәжірибе алады. Аудиториялардағы сабақтардан бөлек білім алушылар қос тарапты оқу және жобалық қызмет шеңберінде өздерінің кәсіби құзыреттіліктерін дамытады. AlmaU студенттері жыл сайын республикалық олимпиадаларға, халықаралық конференциялар мен форумдарға қатысады, ал түлектер бар болғаны екі жарым айдың ішінде жұмысқа орналасады.
Сонымен қатар AlmaU «Атамекен» ҰКП рейтингінің нәтижелері бойынша келесі бағыттарда ҮЗДІК-5 ЖОО-ға кірді:
- Қоғаммен байланыс. AlmaU Медиа және кино мектебі осы бағдарлама бойынша өз нәтижесін 4 тармаққа жақсартты және осы бағыт бойынша дайындықты жүзеге асыратын басқа жоғары оқу орындарының факультеттері арасында 2-орынға ие болды. Оны әзірлеу Қазақстан Республикасының қоғаммен байланыс жөніндегі ұлттық қауымдастығының PR-сарапшыларымен бірлесіп жүзеге асырылды. Осы бағдарлама бойынша университет түлектері диплом алғаннан кейін жұмыс іздеуге үш айдан аз уақыт кетіреді. Олардың Air Astana, 1FIT, AIESEC, Parmigiano Group, MOST Media, «7» телеарна, Grey Cardinals агенттіктері, PBN Hill+Knowlton Strategies, DASM, 4D Click, PR Guide, Jooz Agency, Decode және басқа да көп компанияның PR-бөлімдерінде жұмыс тәжірибесі бар.
- Құқықтану. Осы бағыт бойынша AlmaU Саясат және құқық мектебі өз орнын 3 тармаққа жақсарта отырып, 4-орынға жайғасты. Бағдарлама шеңберінде бизнес субъектілерінің, азаматтар мен мемлекеттің құқықтарын қорғауға, сондай-ақ құқық қолдану, нормашығармашылық, консультациялық және ғылыми-зерттеу қызметімен айналысуға қабілетті бәсекеге қабілетті мамандар даярлау жүзеге асырылады. Осы бағыттағы түлектер диплом алғаннан кейін екі ай ішінде жұмысқа орналасады және заң кеңесшілері, адвокаттар, корпоративтік заңгерлер, прокуратура, соттар мен ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері болып табысты жұмыс істейді.
- Урбанистика және сити менеджмент. AlmaU Менеджмент мектебі және Урбанистика орталығы осы бағдарламамен «Атамекен» ҰКП рейтингіне алғаш рет қатысып, 4-орынға ие болды. Осы бағыттағы студенттер әртүрлі технологиялық құралдар мен бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалана отырып, қаланы жоспарлау мен басқарудың инновациялық тәсілдерін үйренеді. Бұл бағдарлама түлектерін еңбек нарығында сұранысқа ие етеді, бұл оларға оқуды бітіргеннен кейін 4 айдан кешіктірмей жұмыс табуға мүмкіндік береді.
- Логистика. AlmaU Менеджмент мектебі осы бағыт бойынша рейтингіде 1 тармаққа көтеріліп, 5-орынға жайғасты. Бағдарлама түлектері оқуды аяқтағаннан кейін екі ай ішінде жұмыс табады және барлық меншік нысандары мен қызмет салаларындағы кәсіпорындарда, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ғылыми-зерттеу ұйымдарында кәсіби қызметті жүзеге асырады.
AlmaU жетістіктері – профессорлық-оқытушылар құрамының үйлесімді жұмысының, бизнеспен және халықаралық ұйымдармен тығыз серіктестік байланыстардың, сондай-ақ заманауи білім беру әдістемелерін енгізудің нәтижесі.