14 желтоқсанда Almaty Management University (AlmaU) қабырғасында XII Халықаралық студенттік және дебюттік фильмдер фестивалі «Бастау»-дың салтанатты жабылу рәсімі өтті.
Іс-шараның басында AlmaU ректоры Гүлнар Куренкеева киноиндустрияны дамытуға және жас кинематографистерді қолдауға қосқан үлесі үшін «Бастау» президенті Сергей Әзімовке алғыс хат табыстады. Одан кейін фестиваль ұйымдастырушылары BASTAU SHORTS байқау бағдарламасының жеңімпаздарын жариялады.
«Үздік қысқаметражды көркем фильм» номинациясын поляк режиссері Доминик Мирецкидің Son of Happiness фильмі жеңіп алды. «Үздік анимациялық фильм» атағы Украинадан келген «Обіруч» туындысына бұйырды. Ал деректі фильмдер секциясының бас жүлдесі қазақстандық Menin Terminatorsham фильміне табысталды. Сондай-ақ қазылар алқасының арнайы аталымына Словакиядан келген «Кәсіби ата-ана» фильмі ие болды.
«Кинодағы ең қиын нәрсе – бастау. Біздің фестивальдің басты мақсаты – жас таланттарға алғашқы қадамдарын жасауға көмектесу, оларды қолдау. Бұл оңай жұмыс емес. Қиындықтарға қарамастан биыл да сәтті өткіздік. Фестивальді қолдаған барлық жандарға алғысымды білдіремін», – деді «Бастау» фестивалінің президенті Сергей Әзімов.
Фестивальде дәстүрге сай Студенттік қазылар алқасы да жұмыс істеп, өз жеңімпазын анықтады. Бұл мәртебеге тағы бір поляк фильмі – Александра Покульскийдің Hi grandpa туындысы ие болды. Студенттер қазақстандық дебютант Махамбет Мырзаның «Қараша» фильмін де ерекше атап өтті.
Сонымен қатар НЕТПАК – Азия киносының әлемдік ұйымының жүлдесін түрік фильмі Vaziyet жеңіп алды. Ал фестиваль президентінің «Үздік дебют» жүлдесі Алима Мустафинаның «Оның әкесіне, менің арғы атама, оның атасына арналған пряниктер» атты деректі фильміне табысталды.
Салтанатты рәсімде Almaty Film Lab шеберханасының екінші питчинг жеңімпаздары да белгілі болды. Қысқаметражды көркем және деректі фильм жобаларын жүзеге асыру үшін қаржылық қолдауға ие болған режиссерлер – Мира Әбдірахманова «Аяулым» жобасымен және Дастан Түсіпбеков «Ашкөз адамдар» жұмысымен.
Рәсім өткен жылғы питчинг жеңімпаздарының үш қысқаметражды фильмінің көрсетілімімен аяқталды. Олар – Яна Әлжанованың «Аң», Жәмилә Сахаридің «Жолаушылар», және Фариза Танайдың «Әдемі» фильмдері.
XII Халықаралық студенттік және дебюттік фильмдер фестивалі «Бастау»-дың ресми серіктесі ретінде AlmaU Медиа және кино мектебі атсалысты. Университет студенттері кинофестиваль бағдарламасына қатысушы және волонтер ретінде белсенділік танытты. Сондай-ақ AlmaU Медиа және кино мектебінің Digital Filmmaking бағдарламасы бойынша екі студенттік жұмыс фестивальдің іріктеу бағдарламасына өтті. Олар – Мира Әбдірахманованың «Уақытша қатынастар» және Азамат Асылбековтың «Шексіз алыс» фильмдері.