2024 жылдың 10 желтоқсанында AlmaU қабырғасында студенттер үшін маңызды шаралардың бірі – Career Day AlmaU мансап жәрмеңкесі өтті. Шараның басты мақсаты – студенттерді болашағы зор жұмыс берушілермен таныстыру және олардың кәсіби дамуына шабыт беру.
Жәрмеңкеге Қазақстанның 30-дан астам ірі компаниялары қатысты. Олардың қатарында PwC, Ernst & Young (EY), Air Astana, Nestle, Deloitte, Halyk Bank, Danone, Sheraton Astana Hotel және басқа да ұйымдар бар.
MG Partners заң компаниясының өкілдері бұл шараға қатысуды дәстүрге айналдырғанын атап өтті.
«Біздің компания AlmaU ұйымдастыратын іс-шараларға бірнеше рет қатысқан. Бұл университетте талантты, білімді және жоғары білікті студенттер оқитынына сенімдіміз. Олардың көпшілігі, соның ішінде AlmaU түлектері, бізде тағылымдамадан өтіп, жұмыс істеген. Бұл олардың кәсіби деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Алдағы уақытта да серіктестікті жалғастыруды көздеп отырмыз. Сол себепті біз бүгін осындамыз – болашақ әріптестерімізді компаниямызға қосылуға шақырып, жұмысқа орналасу жолында қолдау көрсету үшін келдік», – деді компания өкілдері.
Career Day AlmaU тек жұмыс берушілермен байланыс орнату мүмкіндігін ғана емес, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын да қамтыды.
Карьера және жеке бренд қалыптастыру бойынша сарапшы Ақбота Сабетова мінсіз түйіндеме жасау және LinkedIn платформасын дұрыс рәсімдеу тақырыбында мастер-класс өткізді. Ол жұмыс іздеушілердің жиі жіберетін қателіктерін атап, түйіндемені тартымды әрі жұмыс беруші үшін түсінікті етіп дайындау жолдарын көрсетті. Сонымен қатар, LinkedIn платформасының кәсіби өзін-өзі таныту мен жұмыс іздеудегі маңыздылығына ерекше тоқталды.
Eurasia Nestle компаниясының таланттарды іріктеу жөніндегі менеджері Алексей Шуваев FMCG саласындағы мансап құру ерекшеліктері туралы айтып, Nestle Needs YOUth бағдарламасының артықшылықтарын түсіндірді.
Лекциялар мен мастер-кластар интерактивті форматта өтті. Студенттер белсенді түрде сұрақтар қойып, пікірталасқа қатысты.
AlmaU мансапты жоспарлау орталығы студенттер мен түлектер үшін жаңа мүмкіндіктер жасау мақсатында Қазақстанның жетекші компанияларымен ынтымақтастықты жалғастыруда. Университет жастарға өз орнын табуға, кәсіби тұрғыда жетістікке жетуге және AlmaU-дың мақтанышына айналуға көмектесуді көздейді.