Created by potrace 1.15, written by Peter Selinger 2001-2017 A A A

MBA Forum 2025: Көшбасшылық, трансформация және болашаққа шабыт

03.06.2025

2025 жылы 29–31 мамыр күндері аралығында Алматы қаласында AlmaU Жоғары Бизнес Мектебінің (GSB) базасында MBA Forum 2025: Central Asia + өтті. Бұл шара Орталық Азиядағы бизнес-білім беру саласындағы жылдың ең ауқымды іс-шараларының бірі болды. Форум 500-ден астам бизнес көшбасшыларын, инвесторларды, менеджерлерді, оқытушылар мен AlmaU Жоғары Бизнес Мектебі бағдарламаларының тыңдаушыларын біріктірген кең ауқымды платформаға айналды. Қатысушылар Қазақстан мен ТМД елдерінен жиналды.

Форумның ашылуында AlmaU ректоры Гульнара Куренкеева құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде университеттің білім беру мен өңірлік трансформациядағы стратегиялық рөліне тоқталды:

 «Біз өзімізді Орталық Азияда жоғары білім беруді дамыту мен білім беру инновацияларының көшбасшысы деп санаймыз. Бизнес-мектеп ретінде жауапкершілігімізді терең түсіне отырып, біз тек өз дамуымызға ғана емес, сонымен қатар бүкіл өңірге оң әсер етуге ұмтыламыз. Сол себепті бұл форумды Central Asia + деп атадық — бұл ашықтықтың, ынтымақтастықтың және шекараларды кеңейтудің символы. Біздің алға қойған амбициялық бастамаларымыз бен жобаларымыз көп — олар Орталық Азиядағы білім беру кеңістігінің тұрақты дамуы мен трансформациясын көздейді».

Сондай-ақ, ректор Jūrttyñ balasy атты жаңа кітаптың жарыққа шығатынын жариялады. Бұл жинаққа AlmaU университетінің түлектері туралы 18 шынайы әрі шабыттандыратын оқиға енген. Олар — өмір жолы ерекше адамдар. Бірі білім беру саласында, енді бірі бизнесте немесе өнерде өз орнын тапқан. Таңдаулары әртүрлі болғанымен, олардың бәрін білімге, дамуға деген ұмтылыс біріктіреді. Бұл оқиғалар сынақтарға, саналы таңдау мен ішкі күшке толы — дәл осы қасиеттер оларды құнды етеді.

Келесі кезеңде маркетинг және бизнес-кеңес беру саласының сарапшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Игорь Манн өзінің авторлық «№1 болу» әдістемесін таныстырды. Тренингте жеке тиімділік, көшбасшылық және мықты жеке бренд қалыптастыру тақырыптары талқыланды. Форум барысында MBA және DBA бағдарламаларының тыңдаушылары, кәсіпкерлер мен басқарушылар теориялық біліммен қатар кәсіби ортада жеке бренд қалыптастыру мен өзін-өзі дамытуға арналған нақты құралдарды да меңгерді.

30 мамырда AlmaU MBA Forum мазмұнды бағдарламамен жалғасын тапты. Бұл күні кәсіпкерлер, топ-менеджерлер, инвесторлар және визионерлер бір алаңда тоғысты. «Көшбасшылық және болашақтағы мансап» тақырыбы аясында өткен форум келешекке бағытталған маңызды интеллектуалдық инвестиция ретінде бағаланды.

Форум қатысушыларына құттықтау сөз арнаған AlmaU негізін қалаушысы және президенті Асылбек Кожахметов басқару мәдениетін дамыту өңірдің тұрақты экономикалық өсімінің басты тірегі екенін атап өтті:

«Әлемде MBA — өзгерістердің тіліне айналды, ал Қазақстан мен Орталық Азияда бұл өзгерістер енді ғана күшейіп келеді. Қазақстан мен Орталық Азия дамуда — мұны бәріміз көріп отырмыз. Бірақ экономика басқару мәдениетіне қарағанда жылдамырақ өсіп келеді. Егер біз шикізаттық экспорт пен қарапайым жинақ өндірісінен күрделі шешімдер экономикасына көшкіміз келсе, онда басқару мәдениеті, менеджмент тілі және менеджментті ұғыну өзгеруі тиіс. Сондықтан AlmaU 28 жылдан бері стартаптардан ұлттық компанияларға дейін кәсіби менеджерлер қауымдастығын қалыптастырып келеді, MBA тілін Орталық Азияның іскерлік шындығына бейімдеуде».

Сол күні сөз сөйлегендер қатарында:

  • Ельдар Абдразаков, кәсіпкер және инвестор — ол бизнес трансформациясына арналған ауқымды ойлау мен стратегиялық қағидалар туралы презентация жасады;
  • Мұхтар Джакишев, қазақстандық кәсіпкер, «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы — экономикалық тұрақсыздық жағдайындағы бейімделмелі басқару тәсілдері жөнінде ой бөлісті;
  • Павел Лукша, футуролог, AlmaU президентінің кеңесшісі — алдағы 50 жыл ішінде еңбек нарығы мен мансап модельдерінің қалай өзгеретіні туралы футуристік болжам ұсынды.

Күннің негізгі іс-шарасы — «Болашақ қаласы» атты басқару симуляциясы болды. Қатысушылар шектеулі ресурстар мен белгісіздік жағдайында мегаполистің дамуын модельдеу арқылы топтық жұмыс, стратегиялық ойлау және дағдарысты басқару дағдыларын тәжірибе жүзінде жетілдірді.

31 мамырда форумның соңғы күні GSB AlmaU дәстүрлі көктемгі іс-шарасы форматында өтті. Биылғы жылдың тақырыбы— «Тақтар мен тәждер». Бағдарламаға спорттық ойындар, интерактивті байқаулар, концерттік бағдарлама, фотозоналар және еркін форматтағы түскі ас кірді. Бұл күн форумның логикалық қорытындысы ретінде AlmaU қауымдастығы ұстанатын серіктестік, көшбасшылық және тұрақты даму құндылықтарын айқын көрсетті. Мұндай бейресми формат тиімді білім беру мен кәсіби орта құруда еркін қарым-қатынастың маңызын нақты көрсетті.

Форум — білім мен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ тұрақты іскерлік және академиялық байланыстар орнатуға арналған өңірлік платформаның маңызды кезеңіне айналды. Қатысушылар форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, мазмұнды бағдарламасы мен шабыт сыйлаған атмосферасын ерекше атап өтті. Бұл кәсіби тұрғыдан ғана емес, жеке даму үшін де маңызды тәжірибе болды.

MBA Forum 2025 — жаңа дәуір көшбасшылары үшін тартылыс орталығына айналды. Қатысушылар тек білім алып қана қоймай, болашаққа деген серпін мен мотивация да жинап қайтты. AlmaU болашақ басқарушыларды даярлауға, ойлау жүйесін трансформациялауға және жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыратын экожүйені дамытуға бағытталған бастамаларын жалғастыра береді.

 

Спасибо за Ваше обращение!

Заявка отправлена.
Мы свяжемся с Вами в ближайшее время.

Обратный звонок