
2026 жылдың 5 және 6 қарашасында «Шоқан Уәлиханов феномені: Ұлы Даланың зияткерлік мұрасы жаһандық контексте» атты II Халықаралық Shoqan Forum өтеді. Форум Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына орай ұйымдастырылып, отандық және шетелдік зерттеушілерді Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасын, оның Орталық Азияны зерттеуге қосқан үлесін және зерттеулерінің қазіргі гуманитарлық ғылым үшін маңызын талқылау мақсатында біріктіреді.
Форумды «Ұлы Дала Академиясы» ғылыми орталығы мен AlmaU Креативті индустриялар орталығы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп ұйымдастырады. Іс-шара Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен өтеді.
Shoqan Forum – көрнекті қазақ ғалымы, саяхатшы және ағартушының мұрасын зерттеуге және оны заманауи тұрғыдан пайымдауға арналған жыл сайынғы халықаралық ғылыми форум. Алғашқы форум 2025 жылы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай өтті. Екінші форум қатысушылар аясын және зерттеу бағыттарын кеңейте отырып, басталған жұмысты жалғастырады.
Форумның ғылыми бағдарламасы Шоқан Уәлиханов еңбектерінің тарихи-ғылыми маңызын, оның Орталық Азия туралы білімді дамытуға қосқан үлесін және зерттеулерінің отандық әрі әлемдік ғылым тарихындағы орнын қамтиды. Архивтік құжаттар, қолжазбалар, хат алмасулар, далалық жазбалар мен картографиялық материалдар ғалымның өмірбаянына қатысты деректерді нақтылауға, экспедициялық бағыттарын қалпына келтіруге және ғылыми байланыстарын зерттеуге мүмкіндік береді.
«Шоқан рухына тағзым»: ұрпақтар сабақтастығы және тарихи жады
6 қарашада форум Жетісу облысы Кербұлақ ауданының Шанханай ауылындағы Шоқан Уәлиханов мемориалдық кешенінде жалғасады. «Шоқан рухына тағзым» атты көшпелі бағдарлама ғалымның рухына тағзым етуге, оның тарихи және рухани мұрасын сақтауға арналады.
Бағдарлама аясында Шоқан Уәлихановтың жерленген жері мен музейіне бару, сондай-ақ ас беру рәсімі жоспарланған. Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен форумның көшпелі бөлімінің Шанханай ауылында өткізілуі көрнекті ғалым әрі ағартушының есімін ұлықтауда және оның мұрасын сақтауда өңірдің маңызын айқындайды.
Shoqan Forum халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, Шоқан Уәлиханов мұрасын зерттеуді тереңдетуге және ғылым, мәдениет пен медиа өкілдері арасындағы кәсіби диалогты кеңейтуге бағытталған. Сонымен қатар форум Ұлы Даланың зияткерлік мұрасын халықаралық ғылыми-зерттеу және мәдени кеңістікте таныстырудың заманауи жолдарын іздеуге ықпал етеді.
Іс-шараға қатысу үшін төмендегі сілтеме арқылы тіркеу формасын толтыруыңызды сұраймыз: https://forms.gle/QhXHZfCq8kYeRntt6