Created by potrace 1.15, written by Peter Selinger 2001-2017 A A A

AlmaU Арал өңірін қалпына келтіруге бағытталған бірегей ESG-жобасы үшін Trophées des Entreprises 2025 халықаралық сыйлығын алды

18.12.2025

AlmaU Франция – Қазақстан Сауда-өнеркәсіп палатасы ұйымдастырған Trophées des Entreprises 2025 халықаралық сыйлығында «Syr qorǵany – sekseýil» экологиялық және әлеуметтік жобасын ұсынып, Actions RSE / ESG номинациясы бойынша марапатқа ие болды. 

Франция – Қазақстан Сауда-өнеркәсіп палатасы жобаларды қоғамға және қоршаған ортаға әсері, бастамалардың тұрақтылығы, халықаралық стандарттарға сәйкестігі бойынша бағалады. AlmаU экологиялық, әлеуметтік және басқару қағидаттарына негізделген жүйелі тәсілі, Арал өңірін қалпына келтіруге қосқан нақты үлесі, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына жоғары адалдығы және қоғам мен қоршаған ортаны қорғауға қосқан айқын оң әсері үшін жоғары бағаланды. 

«Syr qorǵany – sekseýil» жобасы – Арал өңіріндегі сексеуіл экожүйелерін қалпына келтіруге және Орталық Азиядағы шөлейттенуге қарсы күреске бағытталған бірегей еріктілік бастама. 

2024 жылдың наурыз айында Almaty Management University еріктілері құрғап қалған Арал теңізінің табанына 5 100 сексеуіл көшетін отырғызды. Бұл Қазақстан тарихында студенттердің, кәсіпкерлердің және халықаралық еріктілердің жаппай қатысуымен жүзеге асқан алғашқы жоба болды. Бұған дейін бұл жұмыстар ондаған жылдар бойы тек мемлекеттік орман шаруашылықтары тарапынан атқарылып келген.

2025 жылы AlmaU студенттері Аралды құтқару халықаралық қоры мен Freedom Bank ұйымдастырған халықаралық экологиялық акцияға қосылып, 60 гектар аумақта отырғызылған 18 000 сексеуіл көшетінің 8 000-ын отырғызуға үлес қосты. Осылайша, жобаның екі жылдық іске асырылу кезеңінде барлығы 13 100 сексеуіл көшеті отырғызылып, бастамаға Қазақстаннан, Орталық Азия елдерінен, Еуропа мен Америка Құрама Штаттарынан 160-тан астам қатысушы тартылды. Жобаның айтарлықтай қоғамдық әсері бар. Almaty Management University Арал өңірін қалпына келтіруге қоғамдық және корпоративтік қатысудың жолын ашты. 

Жоба іске қосылғаннан кейін бастамаға Freedom Holding сияқты ірі компаниялар қосылып, отырғызу жұмыстарын қаржыландыру үшін арнайы кэшбэк тетігін енгізді, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамы қолдау көрсетті. Нәтижесінде жоба сексеуіл ормандарын қалпына келтіруге бағытталған тұрақты қоғамдық-корпоративтік қозғалысқа айналды. Жобаның бірегейлігі университеттің living lab моделін қолдануында, ол далалық экологиялық жұмыстарды, ғылыми тәсілді, білім беру модульдерін және еріктілікті біріктіреді. Сексеуілді табиғи тосқауыл ретінде пайдалану Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы конвенциясының ұсынымдарына сәйкес келеді және климаттық бейімделу мен Арал өңіріндегі шаңды дауылдарды азайту жөніндегі жаһандық күн тәртібіне үлес қосады.

AlmaU экологиялық көшбасшылардың жаңа буынын қалыптастырып, өңірдің тұрақты дамуын нығайтуда. Болашақта университет отырғызу географиясын жыл сайын кеңейтуді, деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру бойынша білім беру және зерттеу модульдерін дамытуды, сондай-ақ жобаны Орталық Азия университеттерінің жаһандық маңызы бар экологиялық дағдарыстарды шешуге қатысуының үлгісі ретінде ауқымдауды жоспарлап отыр. 

Спасибо за Ваше обращение!

Заявка отправлена.
Мы свяжемся с Вами в ближайшее время.

Обратный звонок