
2026 жылғы 1-15 сәуір аралығында AlmaU Менеджмент мектебінің магистранттары Батжанов Ернар, Надыркул Еркін, Шанашбаева Әсем, Бакберген Жадра – Azerbaijan State Oil and Industry University (Әзірбайжан мемлекеттік мұнай және өнеркәсіп университеті, Баку қ., Азербайджан) ғылыми тағылымдамадан өтті.
Бағдарлама аясында магистранттар ASOIU-дың түрлі құрылымдық бөлімшелеріндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысып, университетті басқару жүйесімен, білім беру үдерісін ұйымдастыру тетіктерімен, стратегиялық жоспарлау және білім сапасын қамтамасыз ету бағыттарымен танысты.

Тағылымдаманың негізгі бағыттарының бірі ғылыми-практикалық журналға жариялау үшін ғылыми мақалалар дайындау болды. Бұл жұмыс магистранттардың зерттеушілік құзыреттерін дамытуға маңызды үлес қосты.
Оқу-педагогикалық практика аясында студенттер ASOIU білім алушыларына сабақ өткізіп, халықаралық оқытушылық тәжірибе жинақтады.
Тағылымдама бағдарламасына университет басшылығымен, факультет декандарымен және әкімшілік қызметкерлерімен кездесулер, ғылыми инфрақұрылыммен, зертханалармен және кітапхана ресурстарымен танысу, академиялық іс-шараларға қатысу, сондай-ақ Француз-Әзірбайжан университетіне (UFAZ) бару кірді. Бұл қатысушылардың халықаралық академиялық ынтымақтастық туралы түсінігін кеңейтті.

Тағылымдама қорытындысы бойынша магистранттарға бағдарламаны сәтті аяқтағаны туралы сертификаттар табысталды.
Azerbaijan State Oil and Industry University AlmaU үшін маңызды серіктес жоғары оқу орны болып табылады. Университетпен ынтымақтастықты дамыту академиялық ұтқырлықты кеңейтуге, халықаралық байланыстарды нығайтуға, бірлескен ғылыми бастамаларды жүзеге асыруға және білім алушылар мен оқытушылардың кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етеді.