
24 қыркүйекте AlmaU-да туристік саланың дамуының негізгі сын-қатерлері мен перспективаларына арналған Almaty Future Tourism Dialog сараптамалық дөңгелек үстелі кезекті рет өтті. Іс-шараның басты назарында дестинацияларды басқару, цифрлық трансформация, сондай-ақ туризм субъектілері үшін сапа стандарттары мен сертификаттауды енгізу мәселелері болды.
Іс-шара Маңғыстауда болған қайғылы оқиғаларды еске алуға арналған бір минут үнсіздікпен басталды. Бұдан кейін қатысушыларға AlmaU Менеджмент мектебінің деканы Азамат Ауесханұлы, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ, Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы, қаланың Қоғамдық кеңесі және Қазақстанның Креативті индустриялар альянсының өкілдері құттықтау сөздерін арнады.

Іскерлік бағдарламаны Еркін Тікенов, CIAQ Туризм комитетінің үйлестірушісі, «Инсайд Тревел» директоры, AlmaU Practice Professor, ашып, Taldau Almaty аналитика мектебінің нәтижелерін таныстырды. Презентация барысында Алматы агломерациясындағы туризмнің цифрлық трансформациясы, аудандарды ақылды мамандандыру тетіктері және әсерлердің бөлінген экономикасын дамыту мәселелері қамтылды. Баяндама барысында аумақтарды туризм бағытында басқару бойынша ұсыныстар берілді.

Ресми бөлімді Ақбота Қайырханова, Kazakh Tourism ұлттық компаниясының өкілі, жалғастырып, «Сапа белгісі» бағдарламасы арқылы қызмет көрсету сапасын арттыру мүмкіндіктері туралы айтып берді.
Күннің негізгі оқиғасы «Сапа – туристік дестинацияларды дамытудың қозғаушы күші» тақырыбындағы сараптамалық панельдік пікірталас болды. Пікірталасқа Еркін Тікенов модераторлық етті. Қызу талқылау барысында мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық кеңестердің, банк секторының және коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері ерікті сертификаттаудың кедергілері мен ынталандыру тетіктерін, бақылау мен бизнесті қолдау арасындағы теңгерімді, сондай-ақ белсенді туризмдегі қауіпсіздік стандарттарын талқылады.
Пікірталас барысында қатысушылар туристік қызметтердің сапасы мен дестинацияларды дамытуға бірыңғай тәсілдердің маңыздылығын атап өтті.
«Сапа белгісі» бағдарламасы бәсекеге қабілеттілікті арттыру құралы ретінде өзектілігін дәлелдеді. Бизнеспен диалог сертификаттаудың жай ғана ерекшелік белгісі емес, нарықтағы клиентке бағдарлану мен қауіпсіздіктің нақты стандартына айналып келе жатқанын көрсетеді», – деп атап өтті Ақбота Қайырханова Жұбанышқызы, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Туристік өнімдерді дамыту департаментінің бас менеджері.

«Бүгінде HoReCa саласы дестинация туралы жалпы әсерге тікелей ықпал етеді. Кез келген сапа стандарттарының нарықтың шынайылығын ескере отырып енгізілуі және бизнеске кадрлық және операциялық мәселелерді еңсеруге көмектесуі маңызды», – деді Гульнара Нурганатовна Катибаева, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Қоғамдық кеңесінің төрайымы, Қазақстан Рестораторлар клубы қауымдастығының өкілі.
Пікірталасқа сондай-ақ Абильшаиков Нариман Бактыбаевич, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің кәсіпкерлік және туризм жөніндегі 4-комиссиясының төрағасы, және Диана Фролова, KazAlpineClub РҚБ жауапты хатшысы, Қазақстанның Креативті индустриялар альянсының туризм комитетінің мүшесі қатысты.
«Дестинацияны басқару сапасы – туристердің де, жергілікті тұрғындардың да жайлылығын қамтитын кешенді көрсеткіш. Қоғамдық бақылау мен ашық пікірталас Алматының даму нүктелерін жедел анықтауға мүмкіндік береді», – деді Абильшаиков Нариман Бактыбаевич.

«Белсенді туризмді дамыту қауіпсіздік пен әсерлердің түпнұсқалығына қатысты ымырасыз ұстанымды талап етеді. Креативті сектор мен кәсіби қауымдастықтардың синергиясы бірегей әрі сенімді туристік өнімдер жасауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Диана Фролова.
Бағдарлама Travel Massive Almaty жобаларының тревел-тех бастамаларға арналған презентацияларымен аяқталды. Одан кейін қатысушылар нетворкинг және кофе-брейк форматында қарым-қатынасты жалғастырды.
Іс-шара тәжірибе алмасуға, серіктестік байланыстарды нығайтуға және өңірдегі туризмді дамытуға бағытталған практикалық шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік берді.