
12 мамыр күні AlmaU университетіне Түркі мемлекеттері ұйымының Венгриядағы Өкілдігінің атқарушы директоры Балаш Хендрих және Венгрия Бас консулының орынбасары Барань Чилла арнайы сапармен келді.
Қазақстанға жасаған сапары барысында Балаш Хендрих еліміздегі жоғары оқу орындарының арасында алғашқы болып Қазақстандағы тұңғыш жекеменшік университет – AlmaU-ға арнайы сапармен келді. Кездесу барысында Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы ынтымақтастық перспективалары мен академиялық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды.

Кездесуге AlmaU президенті Асылбек Қожахметов, вице-президент Руслан Қожахметов, ректор Тимур Булдыбаев, жаһандық серіктестік жөніндегі проректор Шолпан Тазабек, ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректор Рената Құдайбергенова, «Ұлы дала» академиясының директоры Нұржан Құлымжанов, сондай-ақ Халықаралық қатынастар институтының директоры Камран Гусейнов пен халықаралық ынтымақтастық басқармасының директоры Әлия Ақпаева қатысты.

Қонақтарға университеттің тарихы мен жетістіктері, AlmaU-дың халықаралық қызметі және түркі мәдени мұрасын сақтау мен насихаттауға, ортақ құндылықтарды нығайтуға және түркі елдері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған «Ұлы дала» академиясының жобалары таныстырылды.

Кездесу барысында тараптар Венгрия университеттерімен екіжақты ынтымақтастық перспективаларын және жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, бизнес-идеялармен алмасуға арналған халықаралық бірлескен платформаны іске қосу мүмкіндігін де талқылады.

Түркі мемлекеттері ұйымының Венгриядағы Өкілдігі 2019 жылы Будапешт қаласында ашылып, ұйымның Еуропадағы алғашқы өкілдігі атанды. Өкілдіктің қызметі түркі мемлекеттері мен еуропалық серіктестер арасындағы білім беру, ғылым, экономика, мәдениет және дипломатия салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.