Created by potrace 1.15, written by Peter Selinger 2001-2017 A A A

AlmaU-да «Көшпелілер эстетикасы» философиялық-мәдени пікірталас алаңы өтті

29.09.2026

24 қыркүйекте AlmaU-да қазақтың дәстүрлі өнері мен көшпелі мәдениеттің эстетикалық дүниетанымын философиялық және мәдениеттанулық тұрғыдан пайымдауға арналған «Көшпелілер эстетикасы» философиялық-мәдени пікірталасы өтті.

Іс-шараны AlmaU жанындағы «Ұлы Дала Академиясы» ғылыми орталығы мен «Көшпелілер эстетикасы» бастамашыл тобы ұйымдастырды.

Іс-шараның ашылуында AlmaU-дың жаһандық әріптестік жөніндегі проректоры, PhD Шолпан Орынбасарқызы Тазабек құттықтау сөз сөйледі.

Іс-шара аясында түркітанушы, арабист Зифа Алуа Әуезова Нидерландтан арнайы бейнеқұттықтау жолдады. Сондай-ақ Өзбекстанның Ташкент қаласынан мәдениеттанушы, өнертанушы, ғалым Александр Джумаев бейнеқұттықтау жолдады.

Философиялық-мәдени пікірталасқа тарихшылар, философтар, мәдениеттанушылар, әдебиеттанушылар, журналистер, шығармашылық зиялы қауым өкілдері мен студенттер қатысты. Талқылау барысында көшпелі мәдениеттің эстетикалық және дүниетанымдық мазмұнына қатысты өз пікірлерін Марат Семби, «Жолшы» философиялық қауымдастығының мүшелері, қауымдастық жетекшісі Аружан Испергенова, Батырхан Жангали және басқа да қатысушылар ортаға салды.

Кездесу «Дәстүрлі қазақ өнері арқылы әлемді тану. Көшпенділер. Эстетика» атты ұжымдық монографияның жарық көргеніне 50 жыл толуына арналды. 1976 жылы жарық көрген бұл еңбек қазақтың дәстүрлі өнерін, көшпелі мәдениеттің дүниетанымдық және эстетикалық негіздерін жүйелі түрде қарастырған маңызды ғылыми зерттеулердің бірі болды.

Монографияның ғылыми маңызы жекелеген өнер түрлерін сипаттаумен ғана шектелмейді. Зерттеу авторлары көшпелі және отырықшы мәдениеттерді бір-біріне қарама-қарсы қоймай, әлемдік мәдени үдерістің өзара байланысы мен тұтастығы тұрғысынан қарастыруға ұмтылды.

Кеңестік кезеңдегі бірқатар тарихи түсіндірулерде көшпелі мәдениет дамудың төменгі сатысындағы құбылыс ретінде қарастырылып, көшпелі әлем көбіне отырықшы өркениеттердің жетістіктерін бұзушы күш ретінде сипатталды. Монография авторлары мұндай біржақты көзқарасты қайта қарауға мүмкіндік беретін ауқымды материал ұсынып, көшпелі халықтардың рухани мәдениетінің өзіндік ерекшелігін, оның өркениеттік әлеуетін және отырықшы мәдениеттермен өзара ықпалдастығын көрсетуге ұмтылды.

Бұл ғылыми ұстаным монографияның көптеген бөлімдерінен көрініс тапты, соның ішінде:

  • Сабит Ақатаев — «Көшпелі мәдениеттің өзіндік ерекшелігі туралы»;
  • Мұрат Әуезов — «Энкидиада. Көшпелі және отырықшы әлемдердің бірлігі мәселесіне»;
  • Эльвира Шакенова — «Әлемді көркем игеру»;
  • Едіге Тұрсынов — «Көшпелі және көшпелі емес халықтардың эстетикалық тәжірибесінің бірлігі»;
  • Мирлан Қаратаев — «Қазақ қаһармандық эпосындағы эстетикалықтың табиғаты»;
  • Әсия Мұхамбетова — «Қазақ аспаптық мәдениетінің кейбір эстетикалық мәселелері»;
  • Болат Қарақұлов — «Халықтық мелостың эстетикалық ерекшелігі»;
  • Қанат Нұрланова — «Дәстүрлі өнердегі әлем символикасы»;
  • Бек Ибраев — «Көшпелілер мәдениетіндегі кеңістік туралы түсініктер»;
  • Алан Медоев — «Тас және номадтар эстетикасы».

Ғылыми пікірталасқа сондай-ақ: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, жырау, ақын, аудармашы, публицист Қайрат Жанабаев; философ, публицист Әбдірашит Бакирұлы; философия ғылымдарының кандидаты, AlmaU қауымдастырылған профессоры Шолпан Айдаралиева Ибжарова; «Ақиқат» журналының бас редакторы Дәуіржан Төлубаев; «Мысль» журналының бас редакторы Асыл Сәлімбеков; Күнекей Собетқазықызы Ақатаева қатысты.

«Көшпелілер эстетикасы» пікірталас алаңының негізгі міндеттерінің бірі осы ғылыми мұраны қазіргі гуманитарлық ой тұрғысынан қайта пайымдау болды.

Бағдарламада жастардың ғылыми зерттеулеріне де ерекше орын берілді. Тұран университетінің студенттері Айман Тыныбай мен Сания Маратова көшпелі мәдениетті қазіргі тұрғыдан пайымдауға арналған зерттеулерін ұсынды. Айман Тыныбай «Даланы шолудан әлем бейнесіне дейін: дәстүрлі қазақ өнеріндегі көшпелі мәдениет философиясы» тақырыбында, ал Сания Маратова «Қазіргі қазақ жастарының санасындағы көшпелілер эстетикасы: дәстүрлі мәдени кодтан жаңа бірегейлікке дейін» тақырыбында баяндама жасады.

Сондай-ақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Малика Атаева, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің студенті Құтбике Қаби, AlmaU студенттері Софья Бледных пен Диана Солтанбекова өз баяндамаларын ұсынып, ойларымен бөлісті.

Кездесудің маңызды ерекшелігі – көшпелі мәдениеттің эстетикасын дәстүрлі өнер тарихы шеңберінде ғана емес, әлемді қабылдау мен түсінудің өзіндік мәдени-философиялық тәсілі ретінде қарастыруға ұмтылыс болды. Осы тұрғыдан дәстүрлі өнердегі бейне мен символ, кеңістік, адам мен табиғаттың арақатынасы, мәдени жады және эстетикалық тәжірибе мәселелері қазіргі философиялық зерттеулермен сабақтастықта қарастырылды.

«Көшпелілер эстетикасы» пікірталас алаңы дәстүрлі қазақ өнерін зерттеудің жарты ғасырлық ғылыми тәжірибесі мен қазіргі гуманитарлық ойды тоғыстырған кеңістікке айналды. Монографияның 50 жылдығына арналған кездесу барысында оның ғылыми мұрасы қайта пайымдалып, көшпелі мәдениеттің эстетикалық тәжірибесін қазіргі философия, мәдениеттану және өнертану тұрғысынан зерттеудің жаңа мүмкіндіктері талқыланды.

Іс-шараны ұйымдастыру мен бағдарламалық үйлестіруді «Ұлы Дала Академиясы» ғылыми орталығының директоры Нұржан Кулумжанов пен ғылыми қызметкер Дулат Ильясов жүзеге асырды.

Спасибо за Ваше обращение!

Заявка отправлена.
Мы свяжемся с Вами в ближайшее время.

Обратный звонок